Маңғыстау түлектері үшін қосымша 6 мың грант бөлінеді

Маңғыстау түлектері үшін жағымды жаңалық.

Педагогика және техникалық мамандықтарға қосымша 6 мың білім гранты бөлінді. ҰБТ-дан тиісті шектік балды жинаған талапкерлер еліміздегі 43 жоғары оқу орынын таңдай алады.

Білім басқармасының мәліметінше, мектептерде кеңес беру пункттері ашылады. Мұнда университеттердің өкілдері қажетті ақпарат береді. Осыған дейін 34 жоғары оқу орынының мамандары облыс түлектерімен 10 кездесу өткізген. Айта кетейік, биылғы оқу жылында Маңғыстауда 7562 түлек мектеп бітірді. Оның ішінде 174 алтын белгі мен 520 үздік аттестат иегері бар.

Динара Жұмашева, МО Білім басқармасы басшысының м.а.:

- Түлектер Алматы, Нұр-Сұлтан, ШҚО, СҚО, Қостанай, Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстарының университеттерін таңдай алады. Бұл талапкерлерге үлкен мүмкіндік. Облыста мұғалімдер тапшылығы бірнеше уақыттан бері айтылып келеді. Әсіресе орыс тілі мен әдебиетінен жетіспейді. Сондықтан осы бөлінген грант арқылы орнын толтыруды жоспарлап отырмыз. Биылғы жылы түлектердің 80%-дан астамы ҰБТ-ға қатысып жатыр. 13-20 шілде аралығында мемлекеттік білім беру гранты конкурсына құжат қабылдау болады.