Ақтөбеде ұстаздар екі оқу орнын біріктіруге қарсы

Ақтөбе байланыс және электротехника колледжінің өзге оқу орнымен біріктірілетіні мұндағы ұжымға ауыр тиген. Себебі бір апта бұрын ғана барлығы кезекті еңбек демалысына кеткенде, мұндай ақпарат болмаған еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондықтан да кейбірі бүгін қайта жұмыс орнына келіп, басшылықтан мән-жайды түсіндіруді талап етті.

Зәуреш Зурбаева, колледж оқытушысы:

- Енді біздің қаншама материалдық базамыз бар. Балаларды оқытуға үлкен мүмкіндік туып тұрған кезде «жабамыз», «басқа колледжге қосады» деген хабарға біз келіспейміз. Бүкіл ұжым болып қарсымыз. Бұл 40 жылдан астам тарихы бар колледжді жабуға ешқандай негіз жоқ деп ойлаймын.

Бұл Ақтөбедегі тарихы терең және байланыс саласына мыңдаған маман дайындаған оқу орындарының бірі. Қазірдің өзінде 7 мамандық бойынша 400-ден астам бала білім алады. Колледждің өзге ұйымға қосылатыны мұнда еңбек ететін 70-тен астам қызметкерді алаңдатып отыр.

Жеңісбек Бағымбаев, Ақтөбе Байланыс және электротехника колледжінің бөлім меңгерушісі:

- Кейбір оқытушылар мен қызметкерлер тарапынан жұмыссыз қалу деректері де орын алып отыр. Барлығын толық нақты түрде жұмыспен қамту туралы мәселе қозғалып отқан жоқ. нақты жауап бере алмай отыр облыстық білім басқармасы, жұмыспен қамту орталығы.

Оқу орнына қатысты хабар колледждің әлеуметтік серіктестері мен ата-аналарды да ойландырып тастады. Әсіресе, мұнда баласын оқытып отырғандар енді олардың болашағына алаңдайды. Сондықтан да, ұл-қыздары бітіріп шықпайынша, қандайда бір болатын өзгеріске қарсы.

Света Бошина, ата-ана:

- Баламыз бірінші курста осы колледжге табалдырығын аттап кірді ма, осы колледжден бітіргенін қалаймын. Мен басқа колледжді жаман деп тұрған жоқпын. Бірақ өзіміздің балаларымыздың мұғалімдермен үйренген жерлерінде оқып бітіргенін қалаймын.

Білім басқармасының өкілдері екі бірдей оқу орнының біріктірілетіні уақыт талабынан туған мәселе дейді. Себебі соңғы жыл қатарынан бұл колледждегі студент саны қажетті көрсеткішке жетпеген. Сондықтан да осы секілді жұмысшы мамандығын оқытатын бірақ негізінен теміржол саласына кадр дайындайтын ұйыммен қосылмақ. Жоспар іске асқанда да ешқандай мұғалімнің жұмыссыз қалмайтынын тіпті дәріс беру сағаттары да сол күйінде сақталатынын айтады. Тек қысқарту басшылық құрамында болады дейді.

Дина Жаманбаева, облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Екі білім беру ұйымының ішіндегі сыйымдылығы жағынан жоғары біздің қазіргі айтып отырған көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжі. Сондықтан бүгінгі күнде осы колледжінің контигентін сол екінші білім беру ұйымына көшіру жоспарланып жатыр. Бұл ғимаратты алдағы уақытта біз білім беру ұйымдарына орналастыру мәселесін қарастырып жатырмыз.

Екі колледжді қосу үрдісін жаңа оқу жылына дейін аяқтау көзделген. Білім ордасына жаңа атау да берілмек.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев