Биыл еліміздегі колледждерге рекордтық грант бөлінді

Елімізде колледждерде білім алу үшін 128 мың мемлекеттік грант қарастырылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Былтырғыға қарағанда 45 мыңға көп, яғни бұл – рекодтық мөлшер дейді», – Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері. Гранттардың басым бөлігі техникалық салаға бағытталады. Сондай-ақ кәсіпорындардың жұмысқа орналастыру міндеттемесімен сұраныс бойынша кадр даярлау жүйесі енгізілген. Тағы бір жағымды жаңалық – грант бойынша жаңа мамандықтарды оқыту басталады. Енді талапкерлер робот техникасы, Аддитив өндірісі технологиялары, графика және мультимедия дизайны секілді сұранысқа ие заманауи кәсіп түрлерін таңдай алады. Жалпы бүгінде 9-сынып түлектерінің 70%-ке жуығы колледждерде мемлекет есебінен білім алуда. Ал қазір алдағы оқу жылына құжат қабылдау жүріп жатыр, ол тамыз айының 20-сына дейін жалғасады.

Алтай Рахимберлин ҚР ОМ техникалық және кәсіптік білім департаментінің басқарма басшысы:

– Бұл енді мемлекет тарапынан жастарға көрсетіліп отырған үлкен қолдау деп білеміз. Талапкерлер 4 мамандық, сонымен қатар 4 колледжді таңдай алады. Бұл тағы да үлкен мүмкіндік колледж талапкерлеріне. Кәсіпорындардың тапсырысы бойынша мамандарды даярлау жүргізілетін болады. Биылғы жылы 10 мыңнан астам осы кәсіпорындардың тапсырысы бойынша құжаттарды тапсырып отыр.