Медицина университеті ғылыми орталыққа айналады

Астана медицина университетінің жанынан ғылыми кластер құруға басымдық берілмек. Мекеме ректоры Камалжан Надыров осылай деді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Университеттің негізі қаланған 58 жыл ішінде 26 мың студент білім алған. Оқу ордасынан бүгін кезекті түлектер қанат қақты. Болашақ дәрігерлерге құрмет ретінде «Астана опера» театры дипломды табыстау рәсімін өткізу үшін есігін айқара ашты. Бітірушілер елорданың жетекші клиникаларында тәжірибелерін шыңдады. Түлектердің арасында әлемнің 20 елінен келген шетел азаматтары да бар. Бүгінде оқу ордасында 64 кафедра мен екі ғылыми-зерттеу институты және заманауи 17 зертхана жұмыс істейді. Яғни студенттердің білім нәрімен сусындауына мүмкіндік бар.

Камалжан Надыров «Астана медицина университеті» кеақ басқарма төрағасы – ректоры:

– Медицина саласы үнемі жаңашылдықтарды қажет етеді. Цифрландыру шарасы да бұл үрдіске ықпал етеді. Біз де заман көшінен қалыс қалмай осы озық емдеу тәсілдерін енгізуге өз үлесімізді қосып келеміз. Біздің университтеттің жаңа даму жоспары бар. Оның аясында оқу ордасын трансформациядан өткізіп, зерттеу мекемесіне айналдыруды көздеп отырмыз. Мемлекет басшысы университеттердің маңында ғылыми кластер құру керектігін айтқан болатын.

Нұржан Қанай «Астана медицина университеті» КЕАҚ түлегі:

– Мамандығым  – жалпы медицина дәрігері. Болашақта лор дәрігеріне түскім келеді. Менің медицинаға келген мақсатым халыққа қызмет көрсету, халықтың денсаулығын жақсарту.