Қазақстандық оқушылар әлемдік білім додасында топ жарды

Халықаралық деңгейде өткен зияткерлік білім сайысына  75 елден  700-ге жуық жоғары сынып оқушылары қатысты. Екі кезеңнен тұратын олимпиадада сайыскерлер теориялық есептерді шешумен қатар, эксперименттік зерттеу жүргізу бойынша бақ сынады деп хабарлайды «Хабар 24».

Кулон заңы қалай жұмыс істейді және термодинамика нені зерттейді? Бұл сұрақтарға Республикалық физика-математика мектебінің түлегі Даниил Шатохин еш ойланбастан жауап береді. Олимпиада жүлдегері бірнеше жылдан бері отандық байқауларда бас жүлдені ешкімге бермей келеді. Дегенмен бұл жолғы Швейцариядан алған алтынның орны тым бөлек.

Даниил Шатохин, физика пәні бойынша халықаралық олимпиада жеңімпазы:

-  Білім сайысында  берілген тапсырмалар айтарлықтай қиын болды. Әрине, олимпиада барысында қобалжыдым. Бірақ соған қарамастан, мен қолымнан келгеннің барлығын жасадым. Және нәтиже өзім күткендей болды.

Даниил 8-сыныптан бастап физикамен терең айналысып келеді. Осы ғылым бойынша зерттеу жүргізіп, мектеп бағдарламасынан тыс қосымша білім де алды. Өкініштісі сол, жеңімпазға бұл марапат ресми түрде табысталмады. Себебі әлемдік деңгейдегі олимпиада қашықтан өткізілді. Ал алтын медаль иесіне тек бірнеше аптадан соң ғана жеткізіледі. Жалпы осы Халықаралық байқауда отандастарымыз 1 алтын мен 4 күмісті қанжығасына байлады. Осы ретте, Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов оқушылардың үздіктер қатарынан көрініп, былтырғы көрсеткішті жоғарылатқанын атап өтті.

Отандастарымыздың жетістіктері мұнымен бітпейді. Қазақстандық оқушылар  Арменияның Ереван қаласында биология пәнінен өткен байқауда да алдыңғы қатардан көрініп, еліміздің қоржынына 3 күміс пен 1 қола медаль салды.

Әлихан Жұмағалиев, биология пәні бойынша халықаралық олимпиаданың күміс жүлдегері:

- Мұндай жаңа деңгей маған тың серпіліс берді. Әлемдік олимпиадаға алғаш рет барғандықтан, бұл мен үшін үлкен тәжірибе болды. Әрі әр елден келген қатысушылардың  түрлі тілде сөйлегені маған ерекше әсер қалдырды. Бұған қоса, достарым арқылы өзге  мемлекеттердің мәдениетімен жақынырақ  танысуға мүмкіндік алдым.

Жеңімпаздарды халықаралық білім байқауына білікті педагогтер дайындаған. Жаратылыстау ғылымдары бойынша өткен зияткерлік сайыстарда топ жару -  үлкен тәжірибе мен мықты дайындықты талап ететіні айтпаса да түсінікті.

Гүлмира Кәрімова,  Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы:

- Әлемдік деңгейдегі байқауларға оқушы дайындау оңай емес. Себебі даярлау процесі бірнеше жылды қамтиды. Әрі дарындылармен жұмыс барысында мектеп бағдарламасынан тыс қосымша ақпарат пен терең зерттеу назарға алынады.

Халықаралық байқау жеңімпаздарына  4,5 млн теңгеге дейін бір реттік сыйақы тағайындалады. Мәселен, алтын медаль иегеріне 1 500, күміс медаль үшін  1 000, сондай-ақ, қола медаль жеңімпазына  500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде  ынталандыру төлемдері белгіленеді. Бұған қоса, оқушыларды әлемдік сайысқа дайындаған ұстаздар қауымы да қаржылық сыйақыдан қалыс қалмайды.

Марат Сүлейменов, Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің бас сарапшысы:

- Қазірге дейін тізімге  мектеп оқушыларына арналған  7 білім сайысы кірді. Халықаралық зияткерлік додалар  математика, физика, химия, биология, география, сондай-ақ, лингвистика мен информатика пәндері бойынша өткізіледі. Осы ретте, министрлік жеңімпаздар үшін арнайы сыйақы тағайындады. Бұл оқушыларды әлемдік деңгейде жеңімпаз атануға ынталандырады.

Бұдан бөлек, жеңімпаздар аталмыш сыйақыдан бөлек,  еліміздің кез келген жоғары оқу орнына емтихансыз түсу мүмкіндігіне ие болады.

Авторлары: Іңкәр Қайратқызы, Әлішер Накипов, Артур Горшняков