Балабақша жұмысына талап күшейтіледі

Оқу-ағарту министрлігі балабақшалардың лицензияларын қайтаруды қолға алмақ.

Себебі бұл мекемелердің жұмысына қатысты шағымдардың көбейіп кеткен.

Мәселен, жақында ғана балалардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіру деректері бойынша 5 әкімшілік іс қозғалды. Ішкі істер министрлігі мектепке дейінгі ұйымдарға қатысты 15 әкімшілік іс қозғады.

Атап айтсақ, елордалық балабақшалардың бірінде тәрбиешілер бүлдіршіндерді итеріп, жерге сүйреген. Ал Қызылордада бір бала қараусыз қалып, оны автобус қағып кетті. Теміртауда қыз баланы тұншықтыру оқиғасы жұрттың жағасын ұстатты. Сондықтан жауапты ведомство балабақшаларға қойылатын талапты күшейтеді. Яғни қызметкерлердің біліктілігі, санитарлық және өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуы, тамақ өнімдерінің сапасы мен бейнебақылау камераларының жұмысы қатаң тексеріледі.