Жаңақорғанда 3 жаңа мектеп пайдалануға беріледі

Биыл Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында 3 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Бұл білім ұялары жаңадан бой көтерген ықшам аудандардағы мектеп мәселесін шешу мақсатында салынып жатыр. Ауданда алысқа қатынып білім алып жүрген мыңнан астам оқушы бар. Балалар сабаққа барып келгенше жанымызды шүберекке түйіп отырамыз, дейді ата-аналар.

5 баланың анасы Гүлназ Сапарбекқызы Жаңақорған кентінің жаңа ықшам аудандарының бірінде тұрады. Жақын маңда оқу ошағы болмағандықтан бірнеше жылдан бері балаларын алыстағы білім ұясына тасымалдайды. Бір қуантарлығы, биыл аталған ықшам ауданнан 300 орындық мектеп салына бастаған. Гүлназ секілді ата-аналар осы құрылыстың тезірек аяқталуын асыға күтіп жүр.

Гүлназ Сапарбекқызы, Жаңақорған кентінің тұрғыны:

- Сабақ деген кеш болады, күн қараңғы батады, қыстың күндері. Сол кезде қатты уайымдаймыз. Бір-бірімізге тапсырып, осы көршілер бір-біріміздің балаларымызды тасып, сөйтіп, жүреміз бір машинамен. Тезірек бітіріп, осы бірінші классқа баратын қызым осы мектепке барса деп тілеп отырмыз, Құдай қаласа.

Аталған мектеп құрылысы жоба бойынша 2023 жылы аяқталуы керек. Бірақ тұрғындардың тілегі ескеріліп, биыл жыл соңына дейін қолданысқа беру жоспарланып отыр екен. Мұнан бөлек ауданда 600 және 300 орынды тағы екі мектеп биылдан қалмай есігін айқара ашады деп күтілуде. 

Бағлан Момынханов, Жаңақорған ауданы бойынша білім бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Номері 125, 163, 110 мектеп-лицейлерінде осы жаңағы айтылған МАИ бекетінен, ипподромнан, Саяжай мөлтек аудандарынан оқушылар қатынап, тасымал арқылы ұйымдастырылған. Егер осы мектептер пайдалануға берілсе, оқушылар өз үйлерінен кіріп шығып, жақын мектепте білім алатын болады.

Жаңақорған ауданында бала саны көп мектептердің жүктемесі осылай төмендетілмек. Соңғы 5 жылда ауданда 7 мектеп пайдалануға берілгеннен кейін үш ауысыммен оқу мәселесі де шешімін тапқан.

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхаммед Байділдаев