Шымкентте биыл 1-сыныпқа баратындар рекордтық көрсеткішті көрсетті

Шымкенттегі №47 жылпы білім беру мектебінде бірінші сыныпқа 200 бала қабылданды. Алайда біраз жылдан бері бала санының көптігінен оқу кабинеттерінің жетіспеушілігі туындап, ұстаздар бөлмесі мен директор кабинеттерінде бала оқытуға тура келді. Сондықтан өткен жылы қосымша ғимараттың құрылысы басталды. 300 орынға лайықталған жаңа нысанды уақытынан бұрын тапсырып, оқу жылының басында пайдалануға беру жоспарланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Болат Асылбеков, №47 мектеп-гимназиясы директорының орынбасары:

- Балалар сыйымдылығы 1176 оқушы, бүгінгі күнде мектебімізде 2,5 мыңнан асады кейде 3 мыңға дейін бала оқиды. Бала саны өте көп. Оқу бөлмелері жетіспейді. Сол жағынан қиыншылықтар болды бізде.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Бұл Шымкенттегі ең көне мектептердің бірі – №1 гимназия. Мұнда да бала санының көптігінен оқушылар үш ауысымда білім алуға мәжбүр. 900 балаға шақталып салынған ғимаратта бүгінде 3800 бала оқып жатыр. Ал қосымша нысан салып, екі ауысымға көшуге мүмкіндік жоқ. Себебі мектеп ауласы тар.

Бұл мәселені шешу үшін мектеп басшылығы уақытша арендалық нысан іздестіріп жатыр. Негізгі талап бойынша бастауыш сынып оқушыларын мектепке көрші орналасқан ғимаратқа жайғастыру жоспарланды. Яғни ара қашықтық 3 шақырымнан алшақ болмауы тиіс. Алайда әлі де талапқа сай келетін нысан табылмай тұр.

Марат Қожагелдиев, № 1 мектеп-гимназиясының менеджері:

- Біздің шағын ауданымызға тұрғылықты мекен-жайы бойынша тіркелген балаларды ғана қабылдап жатырмыз. Бірақ олардың саны әлде-қайда көп. Олардың бәрін қабылдауға біздің жобалық-техникалық мүмкіндігіміз жетпейді. Қазір жалдамалы нысан қарастырып жатырмыз.

Ал қалалық білім басқармасының басшылығы биылғы оқу жылына қабылданған бала саны рекордтық көрсеткішке жеткенін хабарлады. Сәйкесінше бала саны тығыз мектептің де үлесі көп. Бұл мәселені оңтайлы шешу үшін жаңа мектеп салу ісіне басымдық берілді.

Жанат Тәжиева, қалалық Білім басқармасының басшысы:

- Биылғы жылдың өзінде 24 мектеп 11 мың 703 орынға 1 қыркүйекте пайдалануға берілгелі отыр. Әрине бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде үш ауысымды мектептердің саны бүгінгі таңда тоғыздан – беске төмендейді. Ал бала саны тығыз мектептердің саны 43-тен 31-ге төмендейтін болады.

Дәл осы қарқынмен Шымкенттегі үш ауысымды мектеп меселесін түбегейлі шешудің жоспары әзірленді. Осылайша алдағы бір жылда жаңа білім беру мекемелерінің құрылысы артып, бала саны тығыз мектептердің үлесі азаймақ. Әзірге орын саны толған мектеп басшылығы ата-аналарға өз балаларын жеке-меншік мектептерге беру ұсынылып жатыр. Бұл білім ұйымдары жан басына қаржыландырудың мемлекеттік тапсырысы шеңберінде оқушыларды тегін қабылдайды.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов