476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Интернетсіз оқып жүр талай қазақ баласы. БҚО-дағы мәселе

  • 206
  • UPD: 20:37, 01.08.2022

Иә, бала саны көбейіп, кей мектепте орын да жетпей жатыр. Ал шалғай ауылдардың проблемасы – интернеттің баяулығы. Соның кесірінен балалар сабақ оқи алмайды. Алыстан хат-хабар алудың өзі мұң. Батыс Қазақстан облысы Амангелді ауылының тұрғындары осылайша наразылық білдіруде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар ұлттық байланыс операторына он жылдан бері бірнеше рет хат жазып, өтініш жолдаған. Алайда әлі күнге жауап жоқ. Зейнеткер Дина Қажымбетова алыс-жақыннан хабар алысу қиын екенін айтады. Бұдан бөлек денсаулығы сыр берген әжей ғаламтордан қосымша медициналық мәлімет қарағысы келеді, бірақ оған да қолбайлау. Ол ұялы байланыс пен интернет мәселесіне қатысты  әкімдікке де, операторға да аяқтай барып, бірнеше рет өтініш айтқан.

Дина Қажымбетова, ауыл тұрғыны:

– Мінекей, 9 жыл болды біздің арыз жазып, интернет сұрағанымызға. Хабар жоқ, неше звондасаң да, «сіздің көшеге өтпейді, пробел жоқ» дейді. Немерелеріміз келмейді, «әже, сізде интернет жоқ» деп.

Амангелді ауылында 300-ден астам үй бар. Мектепте 180 бала оқиды. Ұялы байланыс сапасы әр жерде әрқалай. Интернет те дәл солай. Елді мекеннің тең жартысы ғаламторды пайдалана алмай отыр. Ал күзде мектеп күрделі жөндеуге жабылмақ. «Балаларды онлайн оқытуға мүмкіндік жоқ, сонда қайтпек керек?», – дейді тұрғындар.

Сәуле Бектенова, ауыл тұрғыны:

– Биыл оқу жылы жөндеу болады деді, кеше барып жолыққанда. Сосын балалар онлайн оқиды. Қиын болады оқуға. Интернет ұстамайды. Мен көршілерде, анда-мында, сыртта жүремін. Манадан бері 5 сағат болды, ұстамай тұр ғой.

Меңдібай Қарабалинов, ауыл тұрғыны:

– Осы 9-10 жылдай біздер интернет өткізеді деп, үй телефонын айырған жоқпыз. Алдында он шақты күннің турасында найзағай түсіп, телефон, телевизор, бәрі жанып кетті. Арыз жазып, алдырып тастадым телефонды. Енді оны 9 жыл босқа 700-800 теңгеден ақша төлеп тұрмын. Иә, интернет күттім. Қашанғы күтемін енді.

Тасқала ауданы әкімдігі де интернет сапасының қашан жақсаратынынан хабарсыз. Шенеуніктер оператордан тиісті жауап келмегенін айтты.

Салауат Бектемісов, Амангелді ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы:

Біздер де бірнеше рет хат жаздық. Билайн байланысының тарелкасы орналасқан, ауылымыздан 3 км жерде. Шежін деген өндірістік базасы бар, соған орнатылды. Бірақ ол қазір ауылымызды толық қамти алмай отыр. Ауылымыздағы 140-150 үйдей қазір мегалайн интернет желісін пайдаланып отыр. Интернетке қосылуға 35-40 адам тіркеліп тұр. Мектебімізге қыркүйекте күрделі жөндеу өтеді. Мердігерлер анықталды. Биыл оқу жылын онлайн оқымайды деді. Барлығы оффлайн оқиды клубта, әкімшілікте.

Ауылдың ағайынның уәжіне қатысты ұлттық байланыс операторына біз де хат жолдадық. Ондағы жауапты мамандар Амангелді елді мекеніне кең жолақты интернет желісі нақты қашан тартылатынын айтты.

Амантай Мұратов, «Қазақтелеком» АҚ Батыс өңірі бойынша коммерциялық директоры:

– Мыс желілерінің өткізгіштік қабілеті төмен. Сондықтан бұл жерлерді жоспар бойынша модернизациялап,  яғни, заманауи технологияларға бірте-бірте ауысатын боламыз. Келер жылы ауыл мобилдік кең жолақты интернетке қосылатын болады. Осы жылы үшінші тоқсанда ауылдың кейбір мекенжайларында желілерін оптикалық желіге ауыстыру жұмыстары жоспарланып жатыр. Қазіргі уақытта осы жұмыстар басталып кетті деп айтуға болады.

Демек ауылдың сапалы интернетке қосылар күні де алыс емес. Тек жоспарланған жұмыс кестеден кешікпесе болғаны.

Еркебұлан Смадияров, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов

Хабар 24 телеарнасы