476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

БҚО: биыл балалар тағы да апатты мектепте оқи ма

  • 281
  • UPD: 20:47, 05.08.2022

Атамекен ауылында оқушылар төрт жылдан бері апатты мектепте білім алып жүр. Батыс Қазақстан облысындағы бұл елді мекеннің тұрғындары құлаудың аз-ақ алдында тұрған ғимаратқа балаларын жіберуге қорқады. Әкімдік жаңа ғимарат салып беруге уәде еткен. Бірақ әлі күнге ешқандай жұмыс басталмаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мектептің негізгі ғимараты салынғанына елу жылдан асқан. Кейін жапсарлай қосымша нысан салыныпты. Қазір екеуінің де қабырғасы қақырап, кірпіштері түсіп жатыр. Ал инженерлік желілерде апат жиілеп кеткен.

Еркебұлан Смадияров, тілші

Бұл ғимараттағы кез келген кабинетке кіру қауіпті, әрине. Соның ішінде мына сыныптың төбесі ортасына түскелі тұр. Биыл дәл осындай үш бірдей кабинет мүлде жабылып қалған. Жаңа оқу жылында тек лекерге келетін 5 кабинет қана қолданылмақ.

Кез келген уақытта құлап қалуы мүмкін ғимаратта балалар оқуын одан әрі жалғастыра береді. Әкімдіктің шешімі осы екен. Оның үстіне жүзден астам оқушыны енді бес-ақ кабинетке сыйғызу керек.

Данагүл Сердалина, мектеп директоры:

Қауіпті ғой енді. Біздер енді бар қолдан келгенді жасап жатырмыз. Кей уақыттарда ауылдың музейіне де барып, оқушыларымыз оқыды. Бірақ ол музейдің іші салқын болып, мектепке қайтып ауыстырдық. Ауылымызда оқушы саны жылдан-жылға көбейіп келе жатыр. Шағын орталығымыз бар. Екі топта жұмыстанады. Бұған қоса мектепалды даярлық сыныбымыз бар. Онда да оқушымыз жиырмаға жақын.

Айтпақшы бес кабинеттің біреуі – акт залы. Ол осыдан он шақты жыл бұрын жергілікті тұрғындардың күшімен бой көтерген. Қазір сынып ретінде жабдықталып қойыпты. Мектептің жай-күйі ауылдық ағайынды сары уайымға салды. Олар биліктен жаңа ғимарат салып беруді талап етіп отыр.

Самал Сейітбаева, Атамекен ауылының тұрғыны:

– Екі балам әлі осында мектепте оқиды. Балаларға жағдай жоқ дым да оқитын. Мектептің төбесі құлайын деп тұр. Ата-аналарға уайым. Жібергілері келмейді шыны керек. Былтыр да осындай наразылық тудырдық.

Ақжайық ауданы әкімдігінің өкілдері жаңа мектептің құрылысы биыл басталатынын алға тартты. Жоба жер қойнауын пайдаланушы компания есебінен қаржыландырылмақ.

Мейрам Қайыржанов, Ақжайық аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:

– Атамекен ауылында 108 орындық мектеп жобасы аяқталды. Бүгінгі күнде конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Жобаның құны 938 млн тг құрады. Жер аумағы 1,8 га. Болжамды құрылыстың басталуы ағымдағы жылдың қыркүйек айында. 2023 жылғы қыркүйек айында жаңа мектепке баратын болады балалар.

Демек, ауыл балалары кемінде тағы бір оқу жылын апатты мектепте өткізуге мәжбүр. Үрей мен үміт арасында күнелтіп жүрген тұрғындар құрылыс қарқынын жеделдетуді сұрайды.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов

Хабар 24 телеарнасы