Биыл 1003 ауылдық мектептің инфрақұрылымы жақсартылады

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында мәлім болды. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов сондай-ақ салынғанына 50 жылдан асқан мектептерге техникалық аудит жүргізу қажет екенін айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

2021 жылы шағын қалаларда, аудан орталықтары мен ауылдарда 1015 мектеп жаңғыртылып, жоспар орындалған.

Атап айтқанда, 806 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 597 мектепке мыңнан астам пәндік кабинет сатып алынды. 684 мектепте жиһаз жаңартылды. 48 мектептің асханасы жаңғыртылды. Онымен қоса министр биыл аталған жұмыстар одан әрі жалғасатынын, 1003 ауылдық мектептің инфрақұрылымы жақсартылатынын баса айтты. «Әр өңір бойынша нақты көрсеткіштер бекітілген. Оны әкімдіктер біледі. Осы көрсеткішті орындау аясында жергілікті атқарушы органдар белсенді жұмыс істеуі керек. Соңғы кезде ескірген, дер кезінде күрделі жөндеуден өтпеген мектептердің апатты қауіпті жағдай тудыру фактілері тіркелуде. Айтылған оқиғалар сабақтан тыс уақытта орын алғаннан кейін ғана оқушылардың өміріне қауіп төнген жоқ. Осы орайда барлық әкімдіктерге салынғанына 50 жылдан асқан мектептерге тиісті техникалық аудит жүргізуді сұраймын», – деді ол.