476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қазақстандық 16 жоғары оқу орны QS халықаралық рейтингі қатарына кірді

  • 259
  • UPD: 16:35, 09.08.2022
Қазақстандық 16 жоғары оқу орны QS халықаралық рейтингі қатарына кірді ЯПлакалъ

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында «Білімді ұлт» сапалы білім беру» Ұлттық жобасын іске асыру барысы қаралды. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, сондай-ақ Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Исқалиев баяндама жасады.

«Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасын жүзеге асыру туралы айта келе, А. Аймағамбетов атқарылған жұмыстарға егжей-тегжейлі тоқталды. Оның айтуынша, балабақша, мектеп, колледж және қосымша білім деңгейлері бойынша 12 көрсеткіш және 20 іс-шара орындау қарастырылған. Былтырғы жыл бойынша іс-шаралар толығымен 100% орындалды. 

«10 көрсеткіштің 9-ына 100% қол жеткізілді. Биылғы жылдың 6 айы бойынша да жұмыс жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр», — деді оқу-ағарту министрі.

2021 жылы Қазақстанда 534 балабақша ашылды, 47 мың орын іске қосылды. Нәтижесінде 2-6 жастағы балаларды қамту 88,4%-ды, 3-6 жаста – 99%-ды құрады.

«Алайда 6 облыс өздерінің жоспарларын толық орындамады. Мысалы, былтыр Алматы облысындағы балабақшаларда 14 мыңнан астам орын, Алматы қаласында 5 мың орын ашылды. Бұл жақсы көрсеткіш. Ал соларға ұқсас адам көп шоғырланған өңірлер Түркістан және Қызылорда облыстарында тек 1 мыңға жуық орын ғана пайдалануға берілген. Бұл жеткіліксіз. Басқа облыстарда жоспардан тыс қосымша орындар ашу мен жоспарды асыра орындаудың арқасында, мысалы Шымкент қаласында - 170%, Жамбыл облысында - 120%, республикалық көрсеткішке толығымен қол жеткізілді», — деді А. Аймағамбетов.

Биыл жыл соңына дейін 34 мың балаға арналған 322 балабақша ашу жоспарлануда. Алғашқы 6 айдың қорытындысы бойынша 12,9 мың орындық 140 балабақша ашылды.

Қамтумен қатар балабақшалардың бағдарламаларын жаңарту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл ерекше маңызды бағыт. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңа моделі және жаңа мемлекеттік стандарт бекітілді.

«Балабақшада өзіне сенімді, қиындықтарға төзімді, дені сау, ашық және креативті ойлайтын балалар тәрбиеленеді. Оларды дамыту отансүйгіштік, еңбекқорлық, білімге құштарлық сияқты құндылықтарды шығармашылық пен қозғалыс белсенділігі және ойын арқылы жүргізіледі. Балабақшалардың тәрбиешілерінің біліктілігін арттыру, балабақшаларға деген талаптарды күшейту бойынша да жұмыс ұйымдастырылуда», — деді ол.

Қосымша біліммен қамту мәселесі білім саласы үшін маңызды. Былтыр қамту жоспар бойынша 69,4%-ға жеткізілді, биыл оны 75%-дан асыру қажет. Бүгінгі таңда 1,5 мың қосымша білім беру ұйымында 63 мың үйірме, спорт секциялары жұмыс істеп тұр. Қосымша білім беруге қолжетімділікті арттыру мақсатында алдыңғы жылдан бастап алғаш рет мемлекеттік тапсырысты орналастыру басталды. Бұл өте тиімді механизм.

Орта білімге тоқтала келе, оқу-ағарту министрі басты мәселе білім сапасын арттыру екенін атап өтті. Өңірлер арасындағы, қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты қысқарту бойынша жұмыс жүргізілді.

«Сапаны бағалау бойыншы біз сыртқы және ішкі бақылау механизмдерін кеңінен қолданамыз. Осы тұрғыда біз үшін халықаралық PISA зерттеуі маңызды болып табылады. Біз осы Ұлттық жоба бойынша «Мектептерге арналған PISA» халықаралық арнайы зерттеуін өткізуді қолға алдық. Халықаралық сарапшылардың болжауына сәйкес пандемияға байланысты PISA зерттеуі бойынша еліміздің көрсеткіштері 30-40 балға төмендеу тәуекелдері бар екені айтылған болатын.

Дегенмен, 2021 жылы өткен «Мектептерге арналған PISA» нәтижелері оқушылардың білім сапасының оқу сауаттылығы бойынша 30 балға, математикалық сауаттылық - 24 балға, жаратылыстану бағыты бойынша 11 балға өскенін көрсетті. Бұл өте жақсы көрсеткіш», — деді Оқу-ағарту министрлігінің басшысы. 

Ал қалалық және ауылдық оқушылар нәтижелерінің арасындағы алшақтық 22 балға, орыс және қазақ тілінде оқытатын оқушылар нәтижелерінің арасындағы алшақтық 21 балға қысқарды.

Сонымен қатар А. Аймағамбетовтің айтуынша, білім беру ұйымдарында қауіпсіздік және қолайлы жағдай жасау мәселелері тұрақты бақылауға алынған. Ерекше білімді қажет ететін балаларды психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтуды ұлғайту үшін 2021 жылы 8 ПМПК және 6 түзету кабинеті, осы жылы тағы 3 ПМПК мен 4 түзету кабинеті ашылды. Нәтижесінде 175 мың мүмкіндігі шектеулі бала арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылды.

«Биылдан бастап ерекше балаларды қолдай үшін біз алғаш рет мемлекеттік тапсырыс орналастыратын болдық. Бұл шешім ерекше балалар үшін инклюзивті білімді дамытуға, кезектілікті азайтуға және мұқтаж балаларға тең білім беру қызметтерін алуға мүмкіндік берді», — деді ол. 

2021 жылы шағын қалаларда, аудан орталықтары мен ауылдарда 1015 мектеп жаңғыртылды. Яғни жоспар орындалды. Атап айтқанда, 806 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 597 мектепке мыңнан астам пәндік кабинет сатып алынды. 684 мектепте жиһаз жаңартылды. 48 мектептің асханалары жаңғыртылды. Биыл аталған жұмыстар одан әрі жалғасады.

«2022 жылы 1003 ауылдық мектептің инфрақұрылымы жақсартылатын болады. Әр өңір бойынша нақты көрсеткіштер бекітілген. Осы көрсеткішті орындау шеңберінде жергілікті атқарушы органдар белсенді жұмыс істеуі қажет», — деді Асхат Аймағмбетов.

Оқу-ағарту министрі соңғы кезде ескірген, дер кезінде күрделі жөндеуден өтпеген мектептердің апаттық қауіпті жағдай тудыру фактілері тіркеліп жатқанын атап өтті. Айтылған оқиғалар сабақтан тыс уақытта орын алғандықтан ғана оқушылардың өміріне қауіп төнген жоқ. Осы орайда барлық әкімдіктер салынғанына 50 жылдан асқан мектептерге тиісті техникалық аудит жүргізуі тиіс.

Оқу-ағарту министрінің айтуынша, білім сапасын арттыруда мектептердің заманауи пәндік кабинеттермен қамтамасыз етілуі маңызды рөл атқарады. 2021 жылы жоспар бойынша 949 мектепке 1825 пән кабинеті сатып алынды.

Биыл физика, химия, биология, STEM пәндік кабинеттермен мектептердің 70%-ы қамтылатын болады. Атырау, Ұлытау, Жамбыл облыстарында және Алматы қаласында тиісті қаражатты бөлу бюджеттік комиссиямен қолдау таппаған, бұл көрсеткішті уақытылы орындамау тәуекелін тудырады.

Мектептерді жайлы, қауіпсіз әрі заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылы 163 мың оқушыға арналған 277 мектеп ашылды. Сонымен қатар 10 өңір 42 жаңа мектеп пен 21 514 оқушығ орнын іске қосу бойынша жоспарды толық орындамады. Қазіргі уақытта үш ауысымды және апатты мектептер санының өсуі байқалады, осыған байланысты көрсеткіш қауіпті болып саналады. 

1000 мектепті пайдалануға беру аясында 2022 жылы 214 мың оқушыға арналған 225 мектеп салу жоспарланған, оның ішінде қазіргі уақытта 22 мың оқушыға арналған 49 мектеп пайдалануға берілді. Осы тәуекелдерді болдырмау үшін әкімдіктер мектептерді іске қосу мерзімдерінің бұзылуына жол бермеуі тиіс.  

Мемлекет басшысының тегін техникалық және кәсіптік біліммен 100% қамту туралы тапсырмасын іске асыру аясында мемлекеттік тапсырыс республикалық бюджет есебінен 45 мың орынға ұлғайтылып, биыл рекордтық 128 мың орынды құрап отыр.

«Бірінші кезекте техникалық бағыттағы сұранысқа ие мамандықтар бойынша 9-сынып түлектерін колледждерде тегін қамту жоспарлануда. Бірақ NEET жастар саны көп өңірлерде жергілікті бюджет есебінен бөлінетін гранттардың азайғаны байқалады», — деді А. Аймағамбетов.

Президенттің тапсырмасына сәйкес өңір әкімдіктерімен бірлесіп, кәсіпорындардың өтінімдері бойынша кадрларды мақсатты даярлауды енгізу қолға алынды. Мемлекет тегін маман дайындап береді, ал кәсіпорындар жұмысқа орналастыру міндеттемесін алады. Алғаш рет 10 мың арнайы грант бөлінді.

Кадрлардың сапасын арттыру үшін колледждерге академиялық дербестік берілді. Жұмыс берушілермен бірлесіп, білім беру бағдарламалары әзірленіп, оқу мерзімдері өзгертілді. Мемлекеттік колледждердің 100%-ы кәсіпорындардың қамқорлығына алынды. Колледждерге оқуға түсуге бірқатар жаңашылдықтар енгізілді. Мамандық таңдауда оқуға түсушілерге кәсіби диагностика енгізілді, нәтижесінде талапкерлер мамандық таңдау бойынша ұсыныстар алады.

«Студенттер арасында мемлекеттік тапсырысты бөлу процесі автоматтандырылды. Қабылдау емтихандары алынып тасталды. Талапкер бірден 1-3 біліктілікті меңгеруге мүмкіндік алады. Мемлекеттің қолдауымен «Жас маман» жобасы бойынша 180 колледж заманауи зертханалармен жабдықталды, олардың оқу бағдарламалары да жаңартылып, сапалы кадр даярлауға жаңа серпін берілді», — деді оқу-ағарту министрі А. Аймағамбетов.

«Білімді ұлт» сапалы білім беру» Ұлттық жобасы білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігі мен халықаралық беделін арттыру мақсатында жүзеге асырылады. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.

Осының арқасында халықаралық аккредиттеуден өткен жаһандық білім беру бағдарламаларын іске асыруға қол жеткізіледі, шетелдік әріптестермен академиялық алмасулар кеңейтіледі. 2025 жылға қарай шетелдік жетекші бес ЖОО-ның филиалдары жұмыс істейтін болады.

2021-2022 оқу жылына контингенттің жалпы саны 623 839 адамды құрады. Барлығы – 120 ЖОО. 2021 жылы түлектердің жұмысқа орналасуы 68,9%-ды құрады. Профессор-оқытушылар құрамының жалпы саны – 36 мың адам.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес гранттар саны 2020 жылы 65 мыңнан 2022 жылы 88 мыңға дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ студенттердің стипендиясы да артып келеді. Бакалавриат студенттеріне 36 мың теңге, докторанттарға 150 мың теңге қарастырылған. 2025 жылға дейін студенттердің стипендиясы 2 есеге, магистранттар мен докторанттарға – 1,5 есеге артады», — деді ғылым және жоғары білім министрі.

Сонымен қатар ол жоғары білім беру саласында мамандарды (92 %) даярлауға басты назар аударылғанын атап өтті, магистратура деңгейінде – 5,8%, докторантура деңгейінде – 0,94% ғана оқиды. 

«Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру» бағыты бойынша негізгі көрсеткіш – екі отандық университеттің QS Халықаралық рейтингінің ТОП-200 қатарына кіруі. ЖОО-лардың QS рейтингісіне қатысуының 9 жылы ішінде оң динамика байқалады. Егер 2013 жылы 8 ЖОО қатысса, бүгінде олардың саны екі есе өсті. 2022 жылы аталған рейтингке 16 қазақстандық ЖОО кірді. Оның ішінде ТОП-500 құрамына 5 ЖОО кірді. Олар: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ, М.Әуезов атындағы ОҚМУ, Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰҒТУ, ҚазҰАУ. Топ 200-ге Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті кірді. 

«Бұл қазақстандық жоғары оқу орындарының қажырлы еңбегінің жемісі. Себебі олар әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орындарымен қатаң бәсекелестік жағдайында осы жетістіктерге қол жеткізеді. Бұл ретте рейтингке қатысатын жоғары оқу орындары санының тұрақты өсу үрдісін байқап отырмыз», — деп атап өтті С. Нұрбек.

Сонымен қатар ол нәтижелер көрсеткіштеріне қысқаша тоқталды.

«Халықаралық білім беру бағдарламаларын іске асыру» бірінші көрсеткіші 2021 жылы орындалды және ол 30%-ды құрайды. Ағымдағы кезеңде бұл көрсеткіш те орындалды.

Екінші көрсеткішке 2021 жылы пандемия кезеңінде шығуға санитарлық шектеулерге байланысты қол жеткізілген жоқ. Кейбір азаматтар келе алмады. Ағымдағы жылы бұл көрсеткішке 100%-ға қол жеткізілді.

Үшінші көрсеткіш бойынша 2025 жылға дейін шетелдік жоғары оқу орындарының кемінде 5 филиалы ашылуға тиіс. 2021 жылы бір филиал ашылды, осы жылы шетелдік жоғары оқу орындарының 3 филиалы іске қосылады.

Ұлттық жоба шеңберінде басты көрсеткіштер мен міндеттерге қол жеткізуге бағытталған іс-шараларды іске асыру көзделген. Академиялық артықшылық орталықтарын құру жөнінде шаралар қабылданды. 15 өңірлік және 5 педагогикалық ЖОО іріктелді. Оларды қаржыландыру үшін мемлекеттік инвестициялық ұсыныстар әзірленіп, Ұлттық экономика министрлігінің оң қорытындылары алынды. Қаржылық-экономикалық негіздемелер әзірленді. Академиялық артықшылық орталықтарын құру жергілікті атқарушы органдармен пысықталды, әкімдіктерден қолдаухат алынды. 

Зерттеу экожүйесін қалыптастыру және серпінді технологияларды дамыту үшін үш ЖОО-ны зерттеу ЖОО-ларға айналдыру жоспарланған. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға зерттеу университеті мәртебесі берілді. Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-ді зерттеу университетіне трансформациялау бойынша даму бағдарламасы мен қаулы жобасы дайындалды. М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дың зерттеу университетіне ауысуы бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Үздіксіз білім беруді қамтамасыз ету мақсатында өмір бойы оқыту тұжырымдамасы қабылданды. Бейресми білімді тануды қамтамасыз ету үшін Біліктіліктің ұлттық шеңберін өзектендіру пысықталып жатыр. 

Бейресми білім беру арқылы алынған сертификаттар мен несиелер Stackable degree-ге аударылады. Шағын біліктіліктерді сатып алу мүмкіндігі ұсынылады.

Интернационалдандырудың маңызды аспектілерінің бірі академиялық ұтқырлық бағдарламасы болып табылады. Оқытушылардың академиялық ұтқырлығы 2021 жылы - 273 адамды, 2022 жылы – 174 адамды құрады. Құлдырау себебі – пандемия кезіндегі қатаң шектеу шаралары. 

Бағдарлама іске асырылған 10 жылда 17 000-нан астам қазақстандық студент шетелдік әріптес жоғары оқу орындарында білім алды. Осылайша, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында осы бағдарлама бойынша оқудан өткен студенттер саны - 2 320 адамды, 2021 жылы - 3 246 адамды құрады.

Әлемдік білім беру стандарттары мен озық практиканы білім беру процесіне енгізу үшін шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылуда.

2021 жылы De Montfort Leicester университетінің филиалы ашылды. Петропавл қаласында University of Arizona филиалы ашылады. ЖОО-мен ынтымақтастық шеңберінде қос дипломды білім беру бағдарламалары іске қосылады.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Ресей университеттерінің филиалдары ашылып жатыр. С. Өтебаев атындағы Атырау Мұнай және газ университетінің базасында М. Губкин атындағы РМУ филиалы ашылады.

Алматы қаласында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында «МИФИ» Ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы ашылады.

Сондай-ақ 2023 жылы Нұр-Сұлтан қаласында Michigan State University ашу жоспарлануда.

Филиалдардың жұмыс істеуі үшін Үкімет қаулылары қабылданды. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінген.

Жоғары білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр. Білім беруді одан әрі дамытудың негізгі векторлары айқындалды.

Негізгі бағыттары:

- болашақ мамандықтарын ескере отырып, білім беру бағдарламаларын жаңарту

- ЖОО инфрақұрылымын дамыту

- ЖОО-лардың цифрлық экожүйесін дамыту

- шетелдік ЖОО кампустарының ашылуы

- отандық жоғары оқу орындары филиалдарының шетелде ашылуы

- ЖОО-лардың академиялық және басқарушылық дербестігін одан әрі кеңейту.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Исқалиевтің хабарлауынша, өңірде 381 мектеп бар, оның 215-сі шағын жинақты.

«1980 жылға дейінгі салынғаны – 198, бұл барлық мектептердің 52%-ын құрайды, сонымен қатар 48 мектеп саманнан салынған және апатты жағдай алдында. Қазіргі таңда облыста 10 үш ауысымды, 6 апатты жағдайдағы мектеп бар», — деді ол.

Бұл мәселелерді шешу үшін 60 оқушыға арналған құны 850 млн теңге, 108 оқушыға арналған құны 1100 млн теңге тұратын типтік жобадағы мектептер жобасы әзірленді.

Биыл 25 мектеп салынады: 

оның алтауы бюджет есебінен жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

 үшеуі жеке инвестиция есебінен ашылады. 

15 шағын жинақты мектептің құрылысы КПО б.в. компаниясының әлеуметтік міндеттемесі аясында жүргізіледі.

1 мектеп төтенше жағдай салдарын жою шеңберінде салынады. 

Жеке инвесторлар есебінен 2 мектептің құрылысы жүргізіледі .

Жыл соңында бюджет есебінен 6 мектеп пайдалануға берілсе, 3 жеке мектеп ашылады. Нәтижесінде 3 апатты жағдайдағы, оқушы орнының тапшылығы бар 2 мектептің және үш ауысымды 3 мектептің мәселесі шешіледі.

2021 жылы жергілікті бюджеттен модернизацияға енгізілген 64 мектепке 261 пән кабинеті мен жиһаз сатып алынды. Биыл 63 мектепті жаңғырғырту мәселесі шешіледі.

«Облыстағы мектептерде пәндік кабинеттер мен жиһаз сатып алу бойынша ағымдағы жұмыстар жүргізілуде. Аталған мектептерді осындай заманауи жиһаз бен пәндік кабинеттермен қамтамасыз ету жұмыстары одан әрі жалғасатын болады» — деді өңір басшысы. 

Хабар 24 телеарнасы