Қарағанды облысында ескі мектептер жаңартылады

Қарағанды облысының мектептерінің 85 проценті жаңа оқу жылына дайын. Облыстағы 143 білім беру мекемесінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның 32-сі күрделі жөндеуден өтеді. Арасында тіпті іргесі қаланғанына 70 жыл болған, бірақ осы уақытқа дейін жөнделмеген нысандар бар.

Қарағандының Михайлов ауданындағы бұл 64 мектептің іргесі өткен ғасырдың 50 жылы қаланған. Содан бері жыл сайын су ағып, жел кірген жерді жамап жасқаған болмаса, бір де бір рет күрделі жөндеу жүргізілмеген. Ауқымды жоба осыдан 3 жыл бұрын басталып алдымен терезе, одан кейін шатыры, енді міне іші жөнделді. 600 бала сиятын білім ордасын жөндеуге 127 млн теңге бөлінген.

Жанар Оспанова, № 64 мектептің директоры:

- Жөндеуге дейін бізде төбеден су ақты, терезелер ескі болғандықтан мектеп суық болды. Өте жақсы жұмыстар жүргізіліп өтті. Уақытынан ерте бітірді жұмыстарын. Бізде негізі тамыз айының соңында бітуі керек жұмыстар. Бірақ ол ерте, тамыздың 5-де бітті, сырты, қас беті, іші, еден жөндеу жұмыстары өтті.

143 нысанды жөндеу жұмыстарына қаржы үш бағыттан бөлінген. Ол жалпы сипаттағы трансферт "Ауыл – Ел бесігі" жобасы және жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат. Ауқымды жұмыстарға бас-аяғы 5,5 млрд теңге бағытталған.

Серікбол Бағымов, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:

- Жасалған жұмыстар 85 процентке аяқталды. Жұмыстарды тапсыру мерзімі 15 тамыздан 30 тамыз аралығында болады. Бүгінгі таңда барлық меткеп жаңа оқу жылына дайындықта жүргізіп, құжаттарын дайындап қойды.

Атап өткен жөн, мамандардың сөзінше, қазір облыста  үш ауысымда оқытатын тек бір ғана мектеп қалды. Оған келер жылы жобалық-сметалық құжат дайындалып, 2024 жаңа мектеп салынады. 

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

- Облыста қазір мектептерден өзге 27 балабақшада да жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Өңірде 400-ден астам балабақша мен 405-ке жуық мектеп бар. Биыл мектеп табалдырығын алғаш рет 17 мыңға жуық шәкірт аттайтын болады.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар