Алматыда Орталық ғылыми кітапхананың сирек кітаптары сандық форматқа көшіріледі

Алматыдағы Орталық ғылыми кітапхана қорындағы сирек кітаптар мен қолжазбаларды қалпына келтіріп, сандық форматқа көшіретін уақыт жетті.

Себебі ең көнесі 12-ғасырға тиесілі бірегей туындылар қазір физикалық тұрғыда әбден ескірген. Мұнда елдегі негізгі ғылыми әдебиет шоғырланған. Дегенмен, құнды ілімді ғылыми айналымға енгізу әзірге мүмкін емес. Себебі жәдігер қолға ұстасаң үгілуге жақын. Жалпы кітапханада 6 миллионға жуық кітап қоры жинақталған. Оның 100 мыңға жуығы сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар.

Мамандардың айтуынша, бүгінде 13 мыңнан астам бірегей ғылыми жәдігер электронды форматқа көшірілген. Бұл жұмыстар алдағы уақытта қарқынды түрде жүргізілмек. Ол үшін робот сканер сатып алу жоспарланып отыр. Сондай-ақ кітаптарды реставрация жасайтын арнайы зертхана жабдықталады.

Айта кетейік, Орталық ғылыми кітапханада 12-ғасырда бұзаудың терісіне жазылған Тора діни кітабы, 16-17 ғасырда өмір сүрген қазақ хандарының шежіресі, Абылайханның хаттары мен Абайдың Мүрсейітке жаздырған екі қолжазбасы сақталған.

Нұрлан Сейдін, Ғылым ордасы РМК Бас директорының ғылым жөніндегі орынбасары:

- Кітаптар физикалық тұрғыда реставрациялауды қажет етеді. Соған байланысты биылғы жылы министрлік біздің сұранысымызды қолдап яғни бізге реставрациялау жөніндегі зертханамен бізді жабдықтауда. Биыл қосымша үлкен робот мына өндірістік өте шапшаң жұмыс істейтін сканерлер алып жатырмыз. Робот сканердің мүмкіндігі сағатына 3 мың бетті өзі сканерлеп өңдеп және соны оқырманның жұмыс істеуіне мүмкіндік жасайды.