Елордада жас ұстаздар жиыны өтті

Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жүзден аса жас педагогтар елордада бас қосты. Дәл қазір мұнда білім саласы мамандарының республикалық форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Екі күнге созылатын жиында кәсіби біліктілікті арттыру жайы қаралып, шеберлік сабақтары өтеді. Сонымен қатар, білім алушылар да оқыту ісіне араласып, мұғалімдердің көзге көрінбейтін кемшілігін баяндайды. Одан бөлек, алдыңғы буын өкілдері тәжірибелерімен бөлісіп, белгілі тұлғалар ұстаздардың сұрағына жауап береді. Жаңа технологияларды да тиімді пайдалану мәселесі де қаралады. Мұнда жиналғандардың 70 пайызы ауылдағы мектептерден келген.

Абдулла Нұрлан, жас ұстаз:

- Менің шеберлік сағатым жалпы орыс мектептерінде ұстаздарға арналады. Негізгі мақсаты оқушылардың қазақ тіліне, пәнге деген қызығушылығын арттыру. Өйткені, мен жұмыс істейтін мектеп орыс тілінде оқылатын мектеп болғаннан кейін ол қазақ тілді мұғалімдерге керек. сахэналық қойылымдар арқылы, халқымыздың төл өнері арқылы оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыру.

Күләш Шамшидинова, «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы:

- Жас ұстаздар маман ретінде, ұстаз ретінде дамығылары келеді екен. Осыған байланысты бұл құрылып отырған алаң, біз әдейі алаң деп отырмыз. Бұл - тәжірибемен бөлісетін алаң. Қиналған сауалдарға жауап іздейтін алаң. Бұл жерде біз бір-бірімізбен кездесіп отырып, дер кезінде мұғалімге көмек көрсету мәселесі.