Алматылық 20 мың оқушыға көмек көрсетіледі

Алматылық 20 мың оқушыға «Жаппай оқыту» қорынан көмек көрсетіледі. Мектеп формасы мен кеңсе заттарын сатып алу үшін бір балаға 43 мың теңгеден бөлінеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Жаппай оқыту» қоры жергілікті бюджеттен қаржыландырылады. Биыл материалдық қамқорлыққа мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатындар, әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасы балалары, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар ие болады. Өтінішті баланың ата-анасы мен заңды өкілі «eGov» немесе Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы беруі қажет. Бұдан бөлек «Мектепке жол - шекарасыз жақсылық» акциясы аясында  демеушілер киім-кешектің 4,5 мыңнан астам жиынтығын және оқуға қажетті құрал-жабықтары бар мыңдаған рюкзак сатып алды. Қазіргі кезде аудандық білім бөлімдерінде көмекке мұқтаж адамдардың тізімі жасалуда. Акция  30 қыркүйекке дейін жалғасады.

Хадиша Әуелбекова, «Алтын алқа» иегері:

- Жылда осы мектепке жол акциясымен біздерді «Алтын алқа» иегерлерін бірінші қуантып, қамтиды. Өте ризамыз. Жылда бізге кезексіз, балаларға қайырымдылық шарадан ұмытпай, бізге берілетіні. Мемлекетімізге берілетін көмектерді алып жатырмыз. Ыстық тамақ оның ішінде балаларымыз ішеді.