Жаңа оқу жылы: қандай өзгеріс бар?

Енді бірінші сыныпқа баратын қазақ балалары өзге тілді біртіндеп үйренеді. Яғни орыс тілін екінші, ағылшынды үшінші сыныпта меңгереді. Сондай-ақ биыл оқу жылы ұзарды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы қоңырау 31 мамырда соғылады. Бүгін Үкімет отырысында оқу жүйесіндегі жаңашылдықтар сөз болды. Мектеп формасы мен оқу құралдарының қымбаттап кеткені де назардан тыс қалмады. Оқу маусымы жақындаған тұста киім-кешек пен мектеп құралдары қымбаттап кетеді. Бұл жылда қайталанатын үрдіс. Амал нешік? Баға шарықтаса да мектепке қамдануға тура келеді. Алайда екінің бірінің қалтасы көтере бермейді. Сондықтан аз қамтылған отбасыларға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Биыл әр балаға кемі 37 мың теңге төленуі тиіс. Бұған оқушыны киіндіріп қана қоймай, құрал-жабдықтарын алу керек. Бірақ киімнің өзіне осыншама жұмсайсыз. Мәселен, министр Асхат Аймағамбетов баласына мектеп формасын алу үшін 35 мың теңгеге шығындалған.

Асхат Аймағамбетов, ҚР оқу-ағарту министрі:

– Мен осы демалыс күні баламды ертіп дүкенге бардым. Дүкеннен мектеп формасын сатып алдым. Ақ көйлек галстугы бар. Шалбары костюмі бар. Көйлекті біреу алмайсың кем дегенде 2-3 аласың. Мен бұны кюармен төледім. 35 мыңға жуық ақша кетті.

Қазір кеңсе тауарлары да арзан емес. Биыл күрт қымбаттады. Былтырмен салыстырғанда дәптер мен түрлі түсті қарындаштың бағасы 12 процентке өсті. Қалам мен сурет альбомдарының құны да шарықтап кеткен. Мектеп тауарлары көбіне Атырау, Павлодар облысы, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында қымбаттаған. Үкімет те бұдан құлағдар. Әкімдіктер апта аяғына дейін осы мәселені шешуі тиіс.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

Өңір әкімдіктері көмекке мұқтаж балаларды мемлекеттік қолдау шараларымен 100 процент қамтамасыз етуі қажет. Мектеп тауарларын төмен бағамен сату үшін мектеп жәрмеңкелерін және шалғай ауылдарға шығатын автодүкендерді ұйымдастыру қажет. Саудамин «Атамекен» палатасымен және әкімдіктермен бірлесіп мектепке қажетті керек жарақтарын бағаларының тұрақты болуын қамтамасыз етсін. Индустрия министрлігі «Атамекен» палатасымен бірлесіп мектеп формасының құнына байланысты мәселесін пысықтасын. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі осы мәселелерді бақылауға алсын. 

Оқу жылының басталуына небәрі 2 апта қалды. Биыл қазақ тілді мектеп табалдырығын енді аттайтын бүлдіршіндер үшін Министр Аймағамбетов ақжолтай хабар жеткізді. Олар 1-сыныпта тек өз ана тілінде білім алады. Орыс тілін тек 2-сыныптан бастап меңгереді. Ал орыс тілді мектептерде мемлекеттік тіл бұрынғысынша қала береді. Ағылшын тілі тек 3-сыныптан бастап оқытылады. Сонымен қатар оқушылар аптасына 2 рет демалады. Бірақ оқу жылы 6 күнге созылады. Сәйкесінше мұғалімдердің де жүктемесі азая түседі.

Асхат Аймағамбетов, ҚР оқу-ағарту министрі:

– 150 мыңға жуық мұғалімдер осы күні балалар оқығаннан кейін олар да жұмыс істейді ғой. Олар енді өз балаларымен болуға, сабаққа дайындалуға мүмкіндік алады. Үшіншіден, 100-ге жуық мектеп 3 ауысымға өтейін деп тұрған. Сонда бірақ балалар 3 ауысмда кешке оқитын болатын . Енді олар 3 ауысымға көшпейді.

Оқушылардың қауіпсіздігі де жіті назарда. Алайда Қостанай, Рудный және Петропавл қалаларында бірде-бір мектеп арнайы лицензиясы бар күзетпен қамтылмаған. Ал Түркістан облысында бір ғана білім ұясында осындай күзет қойылған. Бейнебақылау жүйесі де талапқа сай келмейді.

Марат Ахметжанов, ҚР ішкі істер министрі:

– Бүгінгі таңда оқу ағарту министрлігінің мәліметі бойынша барлық мектептер 100 процент бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған. Бірақ маусымда жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде олардың белгіленген стандарттарға сай келмейтіні анықталды. Атап айтқанда, ақпаратты сақтау мерзімі 30 тәулікке жетпейді. Үздіксіз әрі резервтік қуат көздерінің жоқтығы. Көрінбейтін аймақтардан және техникалық ахаулықтар анықталған.

Бейнебақылау камераларының жартысынан астамы жедел басқару орталықтарына қосылмаған. Демек, тәртіп сақшылары мектептегі келеңсіздіктерді сырттай бақылай алмайды. Бұл ретте Үкімет басшысы жауаптыларға олқылықты жоюды тапсырды.

Авторлары: Назерке Әбдірахманқызы, Жандос Битабар