Жетісу облысы мектептерінде қауіпсіздік күшейтіледі

Жетісу облысында биыл 130 мыңнан аса бала мектепке барады. Он екі мыңнан астамы мектеп табалдырығын алғаш рет аттайды, деп хабарлайды «Хабар 24»

Биыл білім беру мекемелерінде қауіпсіздік шаралары күшейтілді. 476 млн теңгеге бөлініп, ескірген бейнебақылау камералары мен бейнежазба сақталатын құрылғылар жаңартылады. Сонымен қатар оқу орындарының кіреберісіне турникет орнатылады. Талдықорған және Текелідегі екі мектепті мамандандырылған күзет қызметі бақылайды. Жалпы өңірде 15 мыңнан астам педагог қызмет етеді. Салада математика, физика, ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері жетіспейді.  

Айжан Адамбекова, облыстық білім басқармасы басшысының міндеті атқарушы:

– Біріншіден, 340 мектепке ағымдағы жөндеу жүргізілді, екіншіден, оқулықтар тасымалданып жатыр. Үшіншіден, педагогтар ревакцинация өтіп жатыр. Төртіншіден, санитарлық жағдайды дұрыстау үшін дизифекциялық заттар сатып алынды. Жалпы айтқанда білім беру ұйымдары жаңа оқу жылына дайын.