Елордада TopIQ электронды оқулықтар платформасы таныстырылды

Елордада республикалық тамыз конференциясы аясында TopIQ электронды оқулықтар платформасы таныстырылды. Жобаны осыдан екі жыл бұрын «Алматы кітап» баспасы әзірлеген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл бірқатар білім ошағы оны тәжірибеде сынап көрді. Үздік нәтиже көрсеткендер республикалық «LEADER Top IQ» байқауында топ жарды.TopIQ – еліміздегі тұңғыш электрондық оқулықтар платформасы. «Алматыкітап баспасы» әзірлеген онлайн кітапханада 1 мен 11-сыныптар және мектепалды даярлық тобына арналған 97 электрондық оқулық бар. Өткен оқу жылында платформаға  еліміздің 300-ден астам мектебі тіркеліп, 200 000 адам пайдаланған.

Әсима Рысқұлбекова, «Алматыкітап баспасы» цифрлық контент департаментінің басшысы:

Оқулықтар платформасын біз инклюзивті платформа деп те атаймыз. Неге десеңіз? Сыныпта қабілетті балалар бар және мұғалімнің қосымша қолдауын қажет ететін оқушылар да бар. Яғни осы платформада әрбір оқушының жеке қабілеттілігін, ойлау деңгейін, оқу үлгерімі деңгейін ескере отырып, жеке оқыту траекториясын құруға мүмкіндік бар.

Оның нәтижесін көрген педагогтер мен оқушылар республикалық «LEADER TopIQ» байқауына қатысып, бақ сынады. Үш кезеңнен тұратын бәйгенің шарты оңай емес. Сондықтан болар, ақтық сыннан сүрінбей өткендер көп болған жоқ.

Гүлнұр Құдайберген, «Алматыкітап баспасы» тренинг-орталығының жетекшісі:

– Өтінім беру мерзімі 6 айға созылды. Бас-аяғы 450-ге жуық жұмыс қабылдадық. Екінші кезеңде әр үміткер платформа жайында бейнеролик түсіру керек болды. Соңында 30 қатысушыны іріктеп алдық. Енді елдің 8 өңірінде марапаттау салтанатын өткіземіз. Ал республикалық тамыз конференциясы аясында елордалық жеңімпаздарымызға бағалы сыйлықтар табысталды.

TopIQ.kz платформасына Оқу-ағарту министрлігі бекіткен барлық оқулық орналастырылды. Оны пайдаланушылар сенімді цифрлық контент ретінде бағалайды. Қазір ел аумағында 340 мыңнан аса мұғалім мен 3,5 млн-ға жуық оқушы бар. Жоба авторлары отандық онлайн платформаның қолдану аясы кеңейе түсеріне сенімді.

Авторы: Мерей Мұратханқызы