Алматыда бірінші сынып оқушылары тегін тамақтанады

Бірінші  қыркүйектен бастап  Алматыдағы  мемлекеттік мектептердің бастауыш сынып оқушылары тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен жыл соңына дейін 5,3 млрд теңге бөлінген.

Бұл жөнінде қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Сайлаубай айтты. Сондай-ақ,  мектептер бес күндік оқуға көшеді. Қазір қалада үш ауысымда оқитын бір ғана мектеп бар. Осы мәселені шешу үшін Алатау ауданында 1 500 оқушыға арналған мектеп құрылысы жүріп жатыр. Ал білім күні Қалқаман, Саялы және Томирис шағын аудандарында үш жаңа мектеп ашылады. Биыл 13 мыңға жуық бала алғаш рет мектеп табалдырығын  аттайды. Айдын Сайлаубай қазақ мектептерінде  бастауыш сыныптардағы орыс және ағылшын тілдерінің оқытылмауына байланысты ұстаздар саны қысқармайтындығын айтты. 

Айдын Сайлаубай, қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары:

-  Ағылшын тілі үшінші сыныптан бастап оқытылады. Бірінші сыныптарға Көркем еңбек – Еңбекке баулу және Бейнелеу өнері болып екі пәнге бөлінген. Тағы да спорт залдары шамадан тыс жүктелуіне байланысты оқушы санының көптігінен және балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін осы оқу жылынан бастап дене шынықтыру сабақтарында сыныптарды топқа бөлу жүзеге асырылмайды.