Жастарды ғылымға тартудың арнайы бағдарламасы керек – Е.Тоғжанов

«Талантты жастарды ғылымға тартудың арнайы бағдарламасын түзу қажет». Вице-премьер Ералы Тоғжанов елордада өтіп жатқан «Адами капитал – жаңа Қазақстан дамуының негізгі ресурсы» атты ғылым және жоғары білім форумында осылай деді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі салада кадр тапшылығы кәдімгідей байқалады. Бірнеше жүйелі мәселе бар. Біріншіден, біздегі ғылыми инфрақұрылым тым ескірген. Кадр даярлау процесі баяу, ал ғылыми жобаларға келсек, жоқтың қасы. Проблеманы шешудің бір тетігі ретінде «Кәсіпкерлік кодекске» өзгеріс енгізуді ұсынды вице-премьер. Ғылыми орталықтар құруға тартылған жеке инвесторларға преференция, яки салықтық және кедендік  жеңілдіктер жасалуы қажет.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

– Маман даярлау сапасы ең алдымен оқытушылардың кәсіби деңгейіне байланысты.Университеттердің профессорлық-оқытушылық құрамының сапасын көтеруге ынталандыру бойынша кешенді шаралар қажет. Министірліктің әдістемелік жетекшілігімен әрбір университеттің оқытушылар біліктілігін арттыру бойынша жеке бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын.

Халық табысын арттыруға бағытталған «Мамандығым-болашағым» бағдарламасының барысы да тілге тиек етілді. Белгілі болғандай, ол бойынша қаржыландыру басталып кетті. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, жобаға қатысатын 20 жоғары оқу орнының тізімі жуырда жарияланады. Мақсат айқын. Әлгі оқу орындары дәл сол өңірдегі сұранысқа сай маман иелерін даярлауға екпін салу керек.

Саясат Нұрбек, ҚР ғылым және жоғары білім министрі:

– Қазіргі таңда дамып кеткен елдерді қарайтын болсаңыздар Қытай, Оңтүстік Корея, Сингапур олар басқа модельмен жұмыс істейді. Болжамды және кадр талаптарын алдын-ала айқындайды. Мемлекеттік тапсырыс пен ЖОО бір нүктеге бағыттайтын модельмен жұмыс істеп жатыр.