Ақмола облысында жеті балабақша мен 14 мектеп салынуда

Ақмола облысында биыл 15 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын алғаш аттайды. Жалпы алдағы оқу жылында 136 мың оқушы білім алады. Аймақ ұстаздарының тамыз кеңесінде осылай делінді. Жиынға тұңғыш рет аудан әкімдері қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биылғы тамыз кеңесіне еліміздің оқу-ағарту вице-министрі Айбат Ілиясов арнайы келіп қатысты. Алқалы жиында сөз сөйлеген Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, өңірде білім саласына қыруар қаржы бөлініп жатқанын жеткізді. Нәтижесінде әрбір екінші мектеп жөнделіп, жыл сайын жаңа білім нысандары бой көтеріп жатыр.

Ермек Маржықпаев, облыс әкімі:

2025 жылға дейін мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбие және біліммен қамту көрсеткішін 100 процентке жеткізу межесі бойынша қазір барлығы 1700 орындық 7 балабақша салынуда. Ал, одан бөлек 14 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Олардың бесеуі биыл ашылады. Жалпы алдағы жылдары ішінде үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептер мәселесін толық шешуді жоспарлап отырмыз.

Жалпы соңғы үш жылда білім ошақтарын салуға және жөндеуге 40 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Өңірдің колледждері де жыл сайын жабдықталады. Мәселен, бір ғана «Жас маман» бағдарламасы бойынша 11 кәсіптік-техникалық оқу орны өткен жылдары 3 жарым млрд теңгенің қондырғыларын сатып алды. Айта кету керек, аймақта білімі мен біліктілігі жоғары ұстаздар да жетерлік.

Гүлім Батырғалиева, Шортанды ауылы №3 мектептің мұғалімі:

– Қазақ педагогикалық колледжін үздік тәмамдап, қолымдағы жолдамамен барып, сол жерде ұстаздық қызметімді бастағам. 2018 жылы Халықаралық «Болашақ» стипендиясының иегері атанып, АҚШ-тың Джордж университетінде өзімнің біліктілігімді арттыруға мүмкіндік алдым. Өткен жылы бітіріп, осы білім мен тәжірибені бөлісуге өз мектебіме, өз ауылыма оралған болатынмын.

Жиын соңында облыс әкімі аудан басшыларымен жеке кездесіп, білім саласына зор көңіл бөлу керектігін баса айтты. Ал, жаңа оқу жылының қарсаңында Өнеркәсіпті дамыту қорының қолдауымен ауыл мектептеріне 65 оқушылар автобусы тарту етілді.