Ақтөбеде үш жылдан бері бос тұрған жаңа мектеп іске қосылатын болды

Бұл құрылысқа бюджеттің миллиард теңгесі жұмсалған еді. Бірақ білім ұясы кәріз желісіндегі ақаудың салдарынан жұмысын тоқтатқан. 

Ал бұл кемшілікті жоюға жауапты мекемелер құлық танытпай келген. Сөйтіп, іске сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері арлаласқан. 

Үш жыл бойы жұмыс істемей тұрған мектеп осы. Қала сыртында бой көтерген нысан құрылысы басталғанда-ақ, шенеуніктер «бұл білім ұясы ең үздік оқу орны болады» деп жарнамалаған еді. Алайда, салынып біткен соң алғашқы екі жыл пандемия салдарынан бос тұрса, былтыр оқытушылар құрамы қыркүйектің екі аптасын әрең өткізіп, ғимаратта білім беруді тоқтатуға мәжбүр болған. Себебі, кәріз желісінен ахау анықталып, қолқаны қапқан жағымсыз иістен зәулім ғимараттың ішінде жүру мүмкін болмапты. Салдарынан ауыл-аймақтан жиналған 200-ге жуық бала өзге мектепке қатынап оқыды. 

Ләззат Жанмолдина, дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының мұғалімі: 

- Былтырғы қиналыстар ол тасымалдан болды. Қыстың көзі қырауда, аязда, осының барлығында оқушыларды біздер басқа мектепке тасуға күнделікті тасуға мәжбүр болдық.

Бұл мектеп дарынды балаларға арналып салынған. Ауласында ауданнан келген оқушылар үшін интернат та бар. Ал 2019 жылы байқау қорытындысы бойынша нысанды сенімгерлік басқаруға алған құрылтайшы кәріз жүйесінің нормаға сай салынбағанын білмепті. Ал, олқылықты айтып әкімдіктің жауапты органдарына талай барғанымен, ешқайсысынан нақты нәтиже болмаған. Тек сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментіне шағымдануынан соң іс орнынан қозғалыпты. Мәселенің неден туындағаны да тез анықталған.    

Ғалым Рабай, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті превенция басқармасының басшысы:

- Осы арыздан кейін жұмыс тобы нысанда болды. Анықталғандай, мердігер кәріз желілерін объектіге тарту кезінде құрылыс нормаларын бұзған. Оны қалыпқа келтіру міндеттемесін алды. Қазір мәселе шешілді. Кәріз желісі жұмыс істеп тұр.

Олқылықтың жойылғанына мектеп басшылығы дән риза. Енді қазір білім күніне дайындалып жатыр.

Аслан Каиров, дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының директоры:

- Қазіргі таңда 300-ге жуық оқушы жиналды. Әрі қарайда жұмыс жасап жатырмыз. Физика, математика, ағылшын тілі, қазақ тілі, әдебиеті, тарих пәндерінен бізде білікті, жоғары категориялы мұғалімдері дәріс береді. Түрлі-түрлі үйірмелер де іске қосылады. Барлығы жүреді. 

Антикор қызметкерлері бұл секілді маңызды мәселелерге қатысты  арыз-шағым ескерусіз қалмайтынын айтады.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев