loader


Ұлттық академиялық кітапханада Конституция күніне орай жиын өтті

"Конституция. Жаңа Қазақстан. Қарқынды қадамдар". Бүгін елордада Ұлттық академиялық кітапхана қабырғасында өткен жиынның тақырыбы осындай. Қала әкімдігі ұйытқы болған кездесуге қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен заңгерлер қатысты.

Конституция күніне арналған дөңгелек үстелде Ата Заңдағы өзгерістер мен толықтырулар талқыланды.

Конституция - кез келген зайырлы мемлекеттің айнасы. Сондықтан Қазақстан Республикасының халқы үшін Ата Заңның орны айрықша. Бұл кездесудің негізгі мақсаты биыл маусым айында еліміздің басты құжатына енгізілген өзгертулер мен толықтыруларды жан-жақты сараптау. Жиынға қатысушылар Конституция іс жүзінде орындалғанда ғана халыққа қызмет етеді деген пікір айтты. 

Дихан Қамзабекұлы, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры:

- Қоғам әрине өз тарихын білуі керек. Кеше 30 жылдық Конституциямыздың алдында советтік конституциялар болды. Оның да қиындықтары болғанымен өз заманына сай мүмкіндіктер болды. Алаштың Конституциясын айтамыз ғасырдың басындағы. Оларда да қазіргі еуропалық жүйедегі елді басқарудың негіздері қалыптасқан болатын. Суперпрезиденттік басқарудан президенттік-республикалық жүйеге қарай өту, сонымен бірге билікті бөлісу, Парламентке көп мүмкіндік туғызу, халықты билік жұмысына тарту.

Қазақстан Республикасының басты байлығы халқы. Жаңадан бекітілген Конституцияда осыған баса мән берілген. Сондықтан ел азаматтары - мемлекетіміздің негізгі құндылығы, дейді қала әкімінің орынбасары Есет Байкен. 

Есет Байкен, қала әкімінің орынбасары:

- Бүгін басты заңымыздың пайда болу тарихын талқыладық. Оның ішінде азаматтарымыздың өмір сүру сапасын жақсарту жолындағы негізгі талаптарды сақтау және жүзеге асыру туралы сөз еттік.

Ата Заң ауызбіршілікке, еркіндікке және теңдікке апаратын даңғыл жол болуға тиіс. Жиынға қатысушылар мемлекеттік мереке қарсаңында бір-бірін құттықтап, ел тұғырының берік және көк туымыздың биік болуын тіледі. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, заң саласындағы мамандар Конституцияның іс жүзінде пайдасын асырып, халыққа қызмет етуіне атсалысамыз деп келісті.

Мирлан Алтынбек, Арман Ақшабаев

Сондай-ақ...