БҚО-да үздік оқушыларға құрмет көрсетуде

Батыс Қазақстан облысында үздік оқушылардың суреттері қала көшелеріне іліне бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың қатарында республикалық, халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары бар. Бейбіт күнде ерлік жасаған батыл өрендер де ескерусіз қалмады. «Балалар жылы» аясында 130 билборд ілу жоспарланып отыр. Биылғы оқу жылында 5 мыңнан аса оқушы түрлі деңгейдегі білім сайысына қатысқан. 

9-сынып оқушысы Азамат Ахметжан осы жазда суға батып бара жатқан баланы құтқарып қалған. Ерлігі ескерусіз қалмады. Облыстық төтенше жағдай департаменті өңіріне медаль тақса, ұстаздардың тамыз мәслихатында алғысхат иеленді. Бейбіт күннің батыры болашақта дәрігер болуды армандайды. Сол күнгі оқыс оқиға жөнінде былай дейді: 

Азамат Ахметжан, оқушы:

Анда үлкен кісілер, бізбен шамалас 17-дегі балдар қарап тұрды ана бала батып бара жатқанда. Кейбіреулері видеоға түсіріп жатты. Сосын Дәулет деген досым екеуіміз ана баланы шашынан жағаға сүйреп шықтық. Аяғы құрысып қалған екен, соған бірінші көмегін жасап құстыртып, қолымыздан келгенін жасап сосын кейін кетіп қалдық.

Гүлнұр Елтайқызы, ақпараттық технология лицей мектебінің оқытушысы:

Осындай бүгінгі күннің батырына айналған Азамат сияқты ұл-қыздарымызды кейінгі іні-қарындастарына үлгі ету мақсатында көшелерге суреттерін іліп, ерліктерін марапаттасақ нұр үстіне нұр болар еді.

Айтқандай, аймақта зерек шәкірттердің суреттері қаланың басты көшелеріне іліне бастады. Жалпы облыс бойынша өз білімін халықаралық сайыстарда дәлелдеген 130 өрен туралы ақпараттық билборд дайындалады. Олардың қатарында ғылыми жобасын сәтті қорғаған Аружан Аманғалиеваның да суреті бар.

Аружан Аманғалиева, оқушы:

– Шыны керек, оны алғаш рет естігенде өзім қуандым, себебі биыл «Балалар жылы» ғой, оқушыларға істеріне байланысты көп нәрсе ұйымдастырылып жатыр ғой. Өзімді сол билбордта «Жұлдыздар аллеясында» тұрғанымды естігенде қаншама еңбекпен тырысып жатырмын, сол еңбектің ақталғанын көргенде, кеудемде қуаыш мақтаныш сезімі болған болатын.

Гүлсім Дүйсенғалиева, «Дарын» қосымша білім орталығының директоры:

– Информатика пәні бойынша өткізілетін жылдағы халықаралық IUI олимпиадасы. Соған біздің БҚО-дан биыл екінші рет оқушымыз қатысып отыр. Былтыр қола жүлдегер атанып қайтты, биыл күміс жүлдегер атанып қайтты. Индонезия елінде 90 мемлекеттен 350-ге жуық оқушы қатысты. Соның ішінде біреуі біздің, БҚО білім инновация мамандандырылған мектеп лицеінің оқушысы Мақсотов Жамбыл.

Биыл республикалық пән олимпиадаларына қатысқан 88 оқушының дені жүлдегер атанды. 6 шәкірттің ғылыми жобасы үздік деп танылды. 30 өрен халықаралық олипиадаға қатысып, тоғызы жүлдемен оралған. Облыстағы 4 білім ордасы Қазақстанның үздік 100 мектебінің қатарына енді.      

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов