Білімге құштар павлодарлық отбасы

44 жыл ұстаздық еткен Сұлушаш Қалдыбаева  бақытын білімнен тапқан жан. Мамандық таңдауына    туған өлкесі,   өскен ортасына деген шексіз сүйіспеншік  әсер еткен.   Ол бала күнінен тарихшы болуды армандапты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мектепте тарих пәнінен сабақ берген мұғалімдерінің жолын қуған шәкірттері де аз емес. Ал жары Алтай Мұхтаров ауылшаруашылығы саласында еңбек еткен.   Бұл отбасы жерлестері, қазақтың ақиық ақыны Мұзафар Әлімбаевты ерекше үлгі тұтады.  «Әркімнің туған жері өзінің мысар шаһары»  - деген.  Мұзарт таудай биік  тұлғаны дүниеге әкелген  киелі жерде туып өстік. Ал оның тәрбиелік мәні зор ғибратты сөздерін ұрпақ санасына сіңіруге тырыстық - дейді  Сұлушаш апай.

Сұлушаш Қалдыбаева, Павлодар қаласының тұрғыны:

- Мектебіміздің жаңағы зал фойелерінде жазылған қанатты сөздер осы Мұзафар Әлімбаевтың нақыл сөздерінен алынды. Ол сөздерді оқыған бала болсын, мектепке келген адам, ата-ана болсын жаңағы сөзден нәр алады -деп ойлаймын. Өйткені бірнеше рет көрсе жаңағы сөз көкейінде  қалады ғой адамның.

Сұлушаш Қалдыбаеваның бастамасымен   Жылыбұлақ жалпы орта білім беру мектебінде Мұзафар Әлімбаевтың   дәрісханасы  ашылған.  Ол  бүгінде оқушылар мен ұстаздар үшін рухани азық алатын орынға айналған. Түлектердің де бас қосуы осы сыныптан басталады.  

Ақын әнге қосқан атақты Маралды көлі осы.  Сұлушаш апай мен Алтай ағаның да балалық шағы  осы көлдің жағасында өткен. Жылыбұлақ ауылының қымбат естеліктері туралы Сұлушаш Қалдыбаева  «Туған жер –төрім мәңгілік» - атты кітап жазып шығарған.  Қарапайым ауыл адамдарының өмірі  мен  тарихи оқиғалар   қамтылған көркем туындының жарыққа шығуына бүкіл ел  болып атсалысыпты.  Тәрбиенің қайнар көзі өзара сыйластықта жатыр. Мұхтаровтар әулетінің ұстанымы бұл.  

Сұлушаш Қалдыбаева,   Павлодар қаласының тұрғыны:

- Негізі жаңағы отбасында міндетті түрде бір-біріне деген сенімділік пен сыйластық болуы керек. Сенімділік пен сыйластық болған жерде отбасы сақталады деп ойлаймын. Өйткені отбасында шыны-аяқ сылдырламай тұрмайды. Мысалы ұрысқан жоқпыз деп айтады ғой. Ол кез келген  жанұяда болады ондай оқиғалар.

Мұндай жағдайда сабырлық жеңеді дейді Сұлушаш апай. Отағасы Алтай Қайроллаұлымен шаңырақ көтергеніне  биыл 44 жыл.  Төрт қызды дүниеге әкелген бақытты отбасы   тоғыз немере сүйіп отыр.  Қыздарының екеуі білім беру саласында, екеуі мемлекеттік қызметте еңбек етеді.  Алтай аға   бала тәрбиесімен жары Сұлушаш апайдың айналысқанын жасырмайды.

Алтай Мұқтаров, Павлодар қаласының тұрғыны:

- Мен өзім  көбінесе колхоздың жұмысында болғаннан кейін уақытымда болмады шыны керек. Енді үйге келгенде балаларды бір-бірін тәрбиелеп өсті ғой олар. Бір-бірін жетектеп мектептен келеді үлкені, одан кішкентайы барады. Солай солай бір -бірлерін, үйренді өздері қазіргі жастарға оқу керек. Білімге көп ден қою керек.

Мұхтаровтар әулеті облыстық «Мерейлі отбасы» байқауының   жеңіпазы.  Білім мен тәрбиені қатар  қойған  шаңырақ иелері қазақы салт-дәстүрді де  берік. 

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат