Көкдалада жаңа мектеп ашылды

Жаңа оқу жылы қарсаңында Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Көкдала ауылында заманауи мектеп ашылды. Ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Өйткені 40 жылдан бері бұл ауылдың балалары жоғары сыныптарды тек көрші жатқан Ақсеңгірден оқып келген.  Содан өткен жылы ел қазынасынан қомақты қаржы бөлініп, құрылыс басталған еді.

Көкдала ауылындағы көрікті мектептің ашылу салтанатына ауыл тұрғындары түгел жиналды. 62 түтіні бар ауыл үшін бұл ерекше қуаныш екені сөссіз. Бастауыш сыныпты аяқтаған соң ауыл балалары жоғары сыныпты күн сайын 7 шақырым жердегі Ақсеңгірге барып оқитын. Енді оның барлығы артта қалды. Аяулы әже Гүлжан Асаубайқызы немересін бірінші сыныпқа алып келіп, ұстаздарға табыстады. Мектеп табалдырығын аттаған оқушы алдымен Ыбырай Алтынсариннің даналық сөзімен танысты. 

Гүлжан Естаева, Көкдала ауылының тұрғыны:

- Міне мектебіміз салып бергендеріне рахмет. Қатынап оқитын еді баяғыда біздің балалар. Әзірге балаларға рахат енді бәрі. Биыл енді жақсы бәрі. Осындай көркейе берсін одан әрі.

Бұл модульді мектеп. Сондықтан қысқа мерзімде салынған. Әр сыныпта интерактивті тақта бар. Интернет желісі үздіксіз жұмыс істейді. Химия, физика, биология кабинеттері зертханалармен жабдықталған. Ал ағылшын тілін оқытатын бөлмеде лингофондық құрылғылар орнатылған. Ауыл мектебі қала мектебінен еш кем емес. Сондықтан Көкдалаға  Алматы мен аудан орталығынан жас мамандар жұмыс істеуге келген.

Төлебай Шыңғыс, жас маман:

- Балалардың барлығы мен үшін бірдей. Балалардың барлығының көзінен көрініп тұр, жанып тұр дарынды балалар екенін. Мен биология пәнінің мұғалімімін. Бұл сыныпқа мен сынып жетекшілік қыламын. Жас маманмын, биыл бірінші жыл жұмыстың. Енді берекелі жыл болады деп ойлаймын. 

Жаңа мектепте 120-ға жуық оқушы білім алады. Мұнда спорт, акт залы, кітапхана мен асханада бар. Биыл Жамбыл ауданы бойынша 4 мыңнан астам бала мектеп табалдырыған аттайды. 

А. Садуақас, Н. Жақсыбаев