Әуе шабуылынан қалай қорғанамыз?

Әлемдегі геосаяси ахуал ушығып тұр. Сарапшылар алыс-жақын елдердің басым бөлігі алдағы жылдары әскери қақтығысты бастан кешуі мүмкін екенін айтып отыр. Демек, бізге де қорғанысымызды мығымдап, шекараны шегендеу артық болмайды.

Жалпы қазіргі қарулы ұрыстарда әуе шабуылы белсенді қолданылып жатқанын көріп отырмыз. Осы орайда, біздің сарбаздар көктен келетін қауіпті қалай тойтарады? Қолдағы қару Қазақстанды қорғауға жарай ма?

Көз ілеспес жылдам әскери ұшақтар мен жойқын тікұшақ және гипердыбысты зымырандар. Дамыған елдердің әскери әлеуеті – осы. Мұны соңғы қақтығыстар да іс жүзінде көрсетті. Ал біздің әскер мұндай қауіпке қарсы тұра ала ма?

Дәл қазір Қазақстан аспанын Ресейдің  С-75, С-125, С-300 және Бук-М2 сынды қарулары қорғайды. Одан бөлек, Қытайдың пилотсыз ұшақтары мен Франциядан келген радиолокациялық станция да бар. Мәселен, елорданың іргесінде көктен келетін қауіпті тойтаруға арналған әскери база тәулік бойы қалтқысыз күзетте тұрады.

Бекзат Аманов, тілші:

- Дрондар мен пилотсыз ұшақ. Қазір дамыған мемлекеттердің барлығы әскери саласын осы қаруға бағыттап жатыр. Әскери қақтығыстарда да жиі қолданылып жатқанын көріп жүрміз. Біз дәл қазір 5 Н 66 М барлаушы станциясының жанында тұрмыз. Жаңа айтқан дрондарды дәл осы барлаушы станция 24 сағат бойы бақылайды. 

Мұнда көктен келер қауіпті барлаушы үш техника бар. Олар бір-бірімен тікелей ақпарат алмаса алады. Соның арқасында жау координатын табу қиындық тудырмайды дейді мамандар. Егер қауіп байқалса С-300 зениттік зымырандарына белгі беріледі. Бұл қару 75 шақырымдағыны қағып түсіреді.

Нұрсұлтан Қуандықов, 44485 әскери бөлімінің капитаны:

- Радиолокаторлы станциялар бар. Олар П-18, РЛС-НУР деген сияқты. Олар бізге нысананы тауып, нысананы көрсетеді. Біздің міндетіміз, нысанының координаты бойынша мына тұқрған жіберу қондырғылары арқылы солардың көзін жою. Барлау құралдары РПН 200 шақырымға дейінгі нысананы күзете алады. Ал РЛС-НУР дегеніміз 400 шақырымға дейінгі нысанын күзетіп координатын бере алады. Бұл ракеталарымыз нысаға барып, оған жетпей жарылып, осколоктары шашылып нысаны жойып жібере алады.

Алайда аспандағы айқас тек техникаға байланысты емес. Мұнда адами фактор да үлкен рөл атқарады. Сол үшін сарбаздар күн сайын жаттығу жасайды. Бірі зениттік зымырандармен жұмыс істесе, бірі барлау ісін меңгереді.

Әли Мұхаммеджан, сарбаз:

- Бірінші зениттік зымырандық дивизионға түсіп, МВО операторы атандым. Ондағы міндетім, индикаторға қарап, аспандағы ұшатын обьектілердің бәрін нысанаға тигізіп, солардың бәріне қарап бақылап отырамын. 

Көп ұзамай елге Түркияның Анка пилотсыз ұшақтары жеткізіледі. Бұл қару өзінің қаншалықты мықты екенін талай көрсеткен дейді мамандар. Анкамен қоса жақын арада Тор кешені де жеткізіледі. Бұл әсіресе жауынгерлік дрондарға қарсы тұрады.

Бекзат Аманов, Ырыстанбек Оспанов