Оралда студенттерге жаңа жатақхана берілді

Оралда кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарының студенттеріне арналған жаңа жатақхана пайдалануға берілді.

Ғимарат 150 орынға шақталған. Мұнда құрылысшы, дәнекерлеуші, автомобиль жөндеуші және электр монтаждаушы мамандықтарын оқып жатқан жастар орналасады. Әлеуметтік жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылған. Бұдан бөлек шаһарда тағы бір жатақхана салынып жатыр. Облыста 34 кәсіптік-техникалық колледж және 4 университет бар. Мамандардың мәліметінше, студенттердің шамамен 70%-і ауыл жастары. Оларды жатақханамен қамту мәселесі әлі де өзекті болып тұр.

Зәуре Ғұмарова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Бұл жатақхана жеке инвестордың қаражаты есебінен салынды. Үкіметтің тарапынан 8 жыл бойы әр студентке жылына 122 ең төменгі АЕК көлемінде өтеу шығындары төленетін болады. Күні бүгін жатақханаға қажеттілік 700-дей адамды құрайды. Осыдан екі жыл бұрын облыс орталығында медициналық колледждің студенттері үшін 144 орындық жатақхана пайдалануға берілген болатын.