Шекара шебінде жаңа мектеп ашылды

Жетісу облысының Басқұншы ауылындағы ең өзекті мәселе өз шешімін тапты. Елді мекенде жаңа мектеп пайдалануға берілді. Үш қабатты 300 орындық білім ордасы бір жылдан аса уақытта тұрғызылды. Оған бюджеттен 1 млрд 400 млн теңгеден астам қаражат жұмсалған. 

Басқұншы ауылындағы 400 ден аса оқушы биылғы оқу жылын жаңа мектепте бастады. Осыған дейін олар 180 балаға арналған аядай ғимаратта білім алып келген.

Алпыс жыл бұрын салынған мекеме әбден ескірген еді. Оның орнына жаңасы тұрғызылып салтанатты жағдайда пайдалануға берілді.  

Үш мың шаршы метрлік ғимаратта оқушылар енді қысылмай қымтырылмай білім алады. Мұғалімдерге де жеке кабинет қарастырылған. Асхана, акт және спортзалы бар. Ескі мектепте соның біреуі де болмаған. Жаңа оқу орнында оқушылар алғаш рет химиялық элементтерді қосып теорияны тәжірбиемен ұштастырды.    

Аяжан Дәуітбекова, оқушы:

- Бүгін біз натрий мен судың әрекеттесуін көрдік. Және де бұл натрий мен судың қосындысынан натрий гидроксиді шығады. Және де бұл реакцияның арқысында натрий судың үстінде жүгіреді. Мынандай заттарды бұрын көрмегенбіз. Бірақта бұны біз кітаптан оқып не екенін біліп жүрдік. Сөзбен. Жаңа мектепте біз бұны іс жүзінде көріп жатырмыз.

Айзере Эрнест, оқушы:

- Екі ауысыммен оқыдық. Кейбір сыныптар қыстырылып бір сыныпта оқыды. Сондай жағдайда білім алдық. Енді таршылық көрмей кең мектепте білім алатын боламыз. Ең бастысы сыныптар жарық кең, өте жайлы. Және спортзалымыз өте кең.

Басқұншы - Қытаймен шектесетін шекара түбінде орналасқан. Елдімекенде екі мыңнан аса адам тұрады. Жаңа мектеп ауыл балаларының   сапалы білім алуына, жастардың туған жерінде тұрақтап өсіп-өркендеуіне  мүмкіндік береді. Сол арқылы ел іргесі бекемделмек. 

Қуаныш Сұлтанов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

- Осы ауылда ежелден отаншылдық рух сақталған. Әрі ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатыр. Мына мектеп сол адамдардың рухани өсіп өнуіне олардың санасының қуаттана түсуіне үлкен ықпал етеді.

Панфилов ауданының Сарыбел ауылындағы мектеп күрделі жөндеуден өтіп ел игілігіне берілді. Ал жыл соңына дейін  Бөрібай би мен Шежіндегі білім ордасының құрылысы аяқталады. 

Айжан Адамбекова, облыстық білім басқармасының басшысы:

- Жыл соңына дейін 9 мектеп беріледі. Яғни осы мектеппен қоса алғанда мың төрт жүз бала жағдайы жақсарған сапалы білім алу мүмкіндігіне ие болады.

Жетісу облысында биыл жүз отыз мыңнан аса оқушы мектепке барды. Соның 13 мыңға жуығы бірінші сыныпқа қабылданып, білім жолына қадам басты.   

Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов