Жамбыл облысында балалар көрші ауылға қатынап оқитын болды

Жамбыл облысында ауыл балалары көрші ауылға қатынап оқитын болды. Себебі Қарақат ауылындағы мектептің күрделі жөндеу жұмыстары уақытында бітетін емес. Бастауыш сыныптың оқушылары клубтың концерт залында білім алады. Жөндеу жұмыстары межелеген уақытта неге бітпей қалды?

Бастауыш сыныптың 56 оқушысы  ауылдық клубтың концерт залында екі аусыммен оқитын болды. Уақытша дегенмен де жаңарған мектепке қашан баратындары белгісіз. Қазір жұмыстар тоқтап тұрған сыңайлы. 

Азамат Пәрменов, Қарақат ауылының тұрғыны:

- Әрине 60-жылы соғылған мектеп. Бұл мектепке, мектепті жөндеудің қажеті жоқ. Жыртықты жамаудың қажеті жоқ, мысалы. Бізге жаңа мектеп керек. Қазір мынау мектеп, ауданның біз несінде тұрмыз, іргесінде тұрған ауылмыз. Шалғай ауыл болса бір екен. Спорт залы жоқ, актовый зал жоқ бұл жақта тағы болса. Сыныптар жетпейді. 

Аудан басшылығы қайта жаңғыртуға 107 млн тг бөлінгенін айтты. Әрі ондағы жұмыстар талапқа сай жүргізіліп жатыр деп сендірді. Қабырғалары күшейтіліп, іргетас сыртына қосымша бетондар бекітілгенін мәлімдеді. Техникалық талаптар қатаң бақылауда дейді. Тіпті дұрыс жабылмаған шатырды мердігерге  қайта алуды міндеттепті.

Майра Базарова, Т.Рысқұлов ауданы білім бөлімінің басшысы:

- Проектіде көрсетілген жұмыстардың ішіне өзгерістер енгізілді. Сондықтан да кішкене жұмыстар кешеуілдеп, графиктан қалып кетіп отыр. Енді мердігер бұл жұмыстардың барлығын 20-қыркүйекте бітіріп берем деп өзінің уәдесін беріп отыр.

Қарақат ауылындағы мектепте жөндеу жұмыстары аяқталғанша жоғары сынып балалары Абай ауылында білім алады. Ол үшін аудандық білім бөлімі 2 автобус дайындап қойған. Тасымалдау кезінде қауіпсіздік үшін полицейлер де бекітіліпті.

Мерей Бает, Руслан Ахатіллә