BINOM мектептерінің қатары толыға түсті

Елордада BI Group бесінші білім ордасын салды. Мектепке Ыбырай Алтынсариннің аты берілді. Енді бас қаладағы мыңдаған бала заманауи, жаңа мектепте білім алады.

Бұған дейін бас қалада төрт Бином мектебі ашылған. Жуырда бесіншісі салынды. Енді мыңдаған бала бұл жерде екі ауысыммен оқиды. Түгелдей озық технологиялармен жабдықталған. Мамандар мұндай материалдық-техникалық база оқушылардың ойлау қабілетін арттырады деп отыр. Әрі білім тегін беріледі.

Әлия Түсіпбекова, ата-ана:

- Мен осындай ірі жобалардың жүзеге асып жатқанына қуаныштымын. Жаңа, заманауи талаптарға сәйкес мектептер салынғаны көңіл қуантады.

Саят Ермұханбетов, BI Group компаниясының жоба жетекшісі:

- Биыл алтыншы мектептің құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Қазіргі білім ордасы Төле би көшесі, 42 мекен жайында орналасқан. Бес қабатты ғимарат. Аумағы 21 жарым мың шаршы метр. Робототехника, химия, биология кабинеттері бар.

Президент 2025 жылға қарай елде мың мектеп салуды тапсырған. Ірі холдингтің басшысы Айдын Рахымбаев осы тапсырма бойынша білім ордаларын салуды жалғастырамыз деп отыр. Енді Атырауда да БИНОМ мектебі пайда болмақ. Жүзеге асқанына небәрі бір-ақ жыл болған бұл жоба қазір қарқын алып келеді.

Берікболсын Кемелбек, мектеп директоры:

- Қазіргі таңда біздің мектепте 4 мыңға жуық оқушы қабылданды. Ыбырай Алтынсарин атамыз айтқандай «Өнер білім бәрі де оқуменен танылған» дейді. Сондықтан  осындай қағидатты ұстай отырып, біз бүлдіршіндерімізге аянбай еңбек етуге, тәлімді тәрбие беруге атсалысамыз.

BINOM мектеп желісінің білім беру ісін «Білім болашағы» аталатын ұйым басқарады. Бұл коммерциялық емес құрылым. Ұйымның басты мақсаты – қазақстандық балалардың қолжетімді және сапалы білім алуына жағдай жасау. 

Қорған Қонысбайұлы