Қостанай облысының Қарабалық ауданында қазақ мектебі қолданысқа берілді

Қостанай облысындағы Қарабалық ауданында жаңа қазақ мектебі қолданысқа берілді. Бұған дейін оқушылар бөлек ғимаратта емес, жергілікті колледждің бір бұрышынан пана тапқан еді. Енді балалар да, ата-аналар да жаңа оқу жылын кең әрі жарық білім ордасында қарсы алғандарына қуанышты.

Қарабалықта 320 балаға есептелген қазақ мектебінің құрылысы былтыр басталған. Нысанның құны бір жарым млрд теңгеден асты. Мердігер құрылыс жұмыстарын уақытында аяқтады. 

Айнұр Шәріпова, Қарабалық ауылының тұрғыны:

- Екі балам осы қазақ мектебінде оқиды М.Сералин атындағы. Мұғалімдердің бәрі тамаша білікті мұғалімдер. Бұл заманауи мектепті әрқашан қалағанбыз. Өзіміз Қостанай қаласынан көшіп келгенбіз. Менің балаларым қазақша тіл білмейтін. Осы жерге келіп, балалар қазақшаға үйреніп, меңгеріп. Мен өте қуаныштымын.

Бұған дейін мектеп білім мекемесіне лайықталмаған колледждің зертханасында орналасып келді. Енді жаңа ғимаратқа ауысты. 

Айнұр Сақтабергенова, бастауыш сынып мұғалімі:

- Өзімнің сыныбымда 20 бала бар. Ол жылдан-жылға көбейіп келе жатыр. Өйткені мынадай кең мектебіміз ашылғаннан кейін балаларымыз да көбейеді.

Білім ұясында шағын орталық ашылған. Бір мезетте 40 бүлдіршін мектепалды даярлықтан өте алады.

Архимед Мұхамбетов, облыс әкімі:

- Мектептердің материалдық-техникалық базасы нығайтылып келе жатыр. Оған биыл біз 2,2 млрд теңге бөлдік. Балаларды тасымалдау үшін біз 30 автобусқа 1,1 млрд теңге бөлдік. Қазір мемлекеттік сатып алу шаралары жүріп жатыр. Алдағы бір-екі айда жаңа автобустар мектептерге келеді. Соның ішінде 30 автобустың бесеуі Қарабалық ауданына тиесілі.

Келер жылы осы ауданның Гурьянов ауылында және Қостанай ауданындағы Еңбек елді мекенінде жаңа мектеп салынады. Жалпы 2025 жылға дейін облыста он мың баланы қамтитын 14 білім ордасы бой көтереді.

Данияр Сұлтанұлы, Сергей Трахтенберг