Түркістан облысында алты мектептің құрылысы жүріп жатыр

Таусағыз ауылындағы 120 орындық мына мектеп өткен ғасырдың 70 жылдары пайдалануға берілген. Әбден тозып, ескірген болатын. Алайда екі жыл бұрын күрделі жөндеуден өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ бала санының көбеюіне байланысты тарлық ете бастады. Мұнда 900 бала екі ауысыммен оқиды. Ата-аналардың өтінішімен биыл қосымша ғимараттың құрылысы басталды. 

Нұрлыбек Қаратаев, мектеп директоры:

- Қазір 150 орындық қосымша ғимарат соғылып жатыр. Құрылысы басталды. Үш қабатты. Сонда біз бір ауысымда оқитын боламыз. Кабинеттердің барлығы жабдықталады. Интерактивті тақталар болады ішінде. Спорт зал және қосымша шеберхана соғылып жатыр. Ол көтеріліп қойды. Тек қана шатырын жабады. Ол дайын.

Сондай-ақ халықтың сұранысы бойынша Абайыл ауылындағы 100 орындық мектеп пен Аманкелді ауылындағы мектептің қосымша ғимараты мен спорт және мәжіліс залы жаңа оқу жылы пайдалануға берілді. Ал Еңбекші ауылындағы 150 орындық білім ұясы мен аудан орталығындағы 300 орындық мектеп биыл жыл соңында тапсырылады. Қалғаны келесі жылға өтпелі.

Мақан Жаппарұлы, аудандық Адами әлеуетті дамыту бөлімінің маманы:

- Осы мердігер екі мектепті алған, Тұрсынбеков мектебі 150 орындық. Ол да 9 жылдық мектеп, желтоқсан айының аяғыда құрылысы аяқталады. Одан басқа Бахыбек ауылы бар. Сол ауылда да 600 орындық мектеп соғылып жатыр. Одан бөлек Жандарбеков мектебі бар еді. Түлкібас ауданында 90 пайыз типтік мектеп. 93-94 пайызға жетсек, балаларымыздың жақсы тәлім-тәрбие алуына барлық жағдай жасалады деп ойлаймыз.

Түлкібас ауданында 115 мың халық тұрады. Оның 23 мыңнан астамы мектеп оқушысы. 60 мектеп бар. Білім бөлімі мамандарының айтуынша ауданда апаты, үш ауысымды мектеп жоқ. Бірақ бастауыш бір мектеп білім беру талаптарына сай келмейтін ғимаратта орналасқан. Ал «Жайлы мектеп» жобасына ауданнан үш мектеп еніп отыр. Мамандар келесі жылы тағы үш мектептің құрылысы басталатынын айтады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов