Елордада ерекше ғарыш модулі таныстырылды

Елордада өткен Digital Bridge 2022 форумында эксперименттік ғарыш модулі көпшіліктің назарына ұсынылды. Мұндай жоба Қазақстанда алғаш рет әзірленіп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кешенді қазақстандық Eurasian Space Ventures компаниясы құрастырған. Ал бұл ғарыш кемесінің ерекшелігі неде? Астанада ғарышқа ұшуға және ғылыми зерттеулер жүргізуге арналған ерекше ғарыш модулі таныстырылды. Еуразия құрлығында баламасы жоқ бірегей кешен жабық ортада түрлі тәжірибе-сынақтар өткізуге мүмкіндік береді. Мұнда соңғы үлгідегі заманауи технология пайдаланылған. Басқару пунктінде бір уақытта 5 маман жұмыс істей алады. Ғарыш кемесі сенсорлармен басқарылады және борт статистикасы көрсетілетін қосалқы экрандар бар.

Шухрат Ибрагимов, «Eurasian Space Ventures» компаниясының негізін қалаушы:

Мұнда 4 модуль бар. Алғашқысын тіршілік көзі деп атаймыз. Яғни кешеннің барлық қажеттілігі соның ішінде. Атап айтсақ, құрал-жабдықтар, кондиционер, электр қуаты сынды қалған модульдерге қажет дүниелер сонда орналасқан. Сондай-ақ модульдің дербес режимі бар. Егер ғарышкерлер сәтсіздікке тап болса, басқа модульдерде өмір сүре алады.

Кешенді құрастыруға бір жылға жуық уақыт кетті. Тың жобаны жасап шығаруға еліміздегі үздік 40 маман қатысқан. Ұжымды белгілі қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов бастады. Білікті мамандар барлық керек-жарақты зерттеп, озық әлемдік тәжірибені ескерген. Тиісінше, жанға жайлы жағдайдың бәрі қарастырылды.

Атап айтсақ, кешен ішінде асхана, жатын орындар мен жеке шкафтар қойылған. 

Айдын Айымбетов, «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

Біз мамандармен бірге кешенді дамытуға тырысамыз. Энергиямен қамтамасыз ету сынды маңызды жүйелерді жетілдіру керек. Қажетті атмосфералық параметрлерді сақтау да маңызды. Бұл тек ғарышқа ғана емес адамзатқа да қажет. Қазіргі уақытта құрастырылып жатқан смарт үйлерді ескерсек, біздің әзірлемелерді күнделікті қызметте қолдануға болады.

Көрмеден кейін модуль «Қазақстан ғарыш сапарына» ұлттық компаниясына тапсырылады. Кешен елордадағы ұлттық ғарыш орталығының аумағында орнатылады. «Алдағы уақытта мұндағы функциялар кезең-кезеңімен кеңейтіледі» дейді сала мамандары. Бұл жеке инвесторлардың көмегімен жеткен жетістік. Жалпы ғарыш саласына сырттан қаржы тарту Президент пәрменінің бір бағыты.

Авторлары: Бекзат Аманов, Ерлан Наурызбаев

Сондай-ақ...