«Алматы ұстазы» байқауы қорытындыланды

Бүгін «Алматы ұстазы» байқауы қорытындыланды. Жүзден жүйрік шыққан 5 мұғалімді қала әкімі Ерболат Досаев марапаттады. Екі айға созылған үздіктер сайысында топ жарған жас мамандар Финляндияға жолдама алды. Ал бас жүлде иегері қомақты сыйлыққа ие болды. Салтанатты шара ұстаздар күні қарсаңында ұйымдастырылды.

«Алматы ұстазы» байқауы 1 тамызда басталды. Сайысқа қатысуға 3500-ден аса адам өтініш білдіріпті. Үш кезеңнің қорытындысы бойынша 5 маман финалға шықты. Оларды қала әкімі Ерболат Досаев құттықтап, Финляндияда тағылымдамадан өту сертификатын табыстады. Әкімнің атынан тағы екі ұстазға аталған елде тағылымдамадан өту сертификаты берілді. Ал, топ жарған мұғалім Әнуар Исаев басты жүлде 5 миллион теңге иеленді. 

Әнуар Исаев, қалалық №135 жалпы білім беретін мектептің мұғалімі:

- Ұстаз оқушыларына өзі қызықты болуы керек. Яғни оқушыларды қызықтыра алатындай жан-жақты тұлға болу керек. Екіншісі, ұстаз оқушыларға заманауи сандық технологиялар арқылы сабақ бере алу керек. Ұстаз ең бастысы балаларға тәрбие беру керек.  

Айта кетейік, аталмыш байқауға жасы 36 жасқа дейінгі кез келген мұғалім қатысты алады. Барлық пән бойынша бақ сынауға болады. Мұғалімдер мейрамына орай ұйымдастырылған концерттік шарада шәкірт тәрбиелеуде шаршамаған ардагерлер де марапатталды. Қала әкімінің атынан 9 адам білім саласының ардагері атанса, үш ұстаз Ыбырай Алтынсарин төсбелгісіне ие болды.

Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкімі:

- Сапалы білім ел экономикасын дамытудың басты құралы. Отандық білім беру жүйесінің үздік дәстүрлерін сақтай отырып, Қазақстан бір орында тұрмауы тиіс. Бар үмітіміз барлық және прогрессвиті дүниеге ашық ұрпақты тәрбиелеуге қабілетті мұғалімдерге жүктеледі. 

Ұстаздар күніне арналған шара концерттік бағдарламамен жалғасып, Республика сарайына жиналған қонақтар мерекелік қойылымдар тамашалады.

Аршын Кемелжан, Нұрдәулет Жақсыбаев