Өңірлерде 143 мектептің жер учаскесін анықтау мәселесі шешілмеген

Қазақстанда ұлттық жоба аясында 800 мың оқушыға арналған мектептер салынады. Бұл туралы Үкімет үйінде Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың қатысуымен өткен кеңесте айтылды.

Үкімет басшысы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру жөнінде тапсырма берді. Бүгінде өңірлердегі 143 мектептің жер учаскелерін анықтау бойынша сұрақтар әлі шешілмеген. Бұл жұмысты барынша тездету қажеттігін жеткізді. Қазан айының соңына дейін құрылысы 2023 және  2024 жылға жоспарланған мектептер бойынша мәселені шешу керек, деді. Сондай-ақ ол оқу процесін цифрландыруды тездету керектігін атап өтті. Оқулықтарды цифрлық форматқа көшіріп, балаларды ауыр сөмкелерден арылту қажет. Әкімдіктермен бірлесіп, оқушыларды планшеттермен қамтамасыз ету мәселесін шешуді қолға алу керектігін тілге тиек етті.