Қызылорда облысында бес педагог Ыбырай Алтынсарин төсбелгісіне ие болды

Сыр өңірінде ұстаздардың кәсіби мерекесі аталып өтті. Салтанатты жиынға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, бала жанының бағбандарына құрмет көрсетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Атап өту керек, мерекеге орай аймақтағы ең үздік 5 педагог білім саласындағы жоғары марапат «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісіне ие болды. Президент тапсырмасына сәйкес келесі жылдан бастап мұғалімдердің жалақысы тағы да 25 пайызға өседі. Ал «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша облыста алдағы үш жылда он бес мектеп салынбақ. 

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

– Қоғам алдында ұстаздардың беделін арттыруға ынталымыз. Оған дәлел ретінде алғаш рет тамыз конференциясында білім саласында еңбегімен елге танылған елеулі тұлғалар – Төлепберген Қасымов пен Марк Падольский ұстаздарымызды облыстың құрметті азаматы атағымен марапаттадық. Ал жыл қорытындысымен еңбегімен ерекше көзге түсіп, шәкірттері білім бәсекесінде топ жарған 10 мұғалімге 900 мың теңге қаржылай сертификат табыстайтын боламыз.

Салтанатты шарада аймақтың ең үздік бес педагогіне «Алтынсарин» төсбелгісі табысталды. Сондай-ақ ұзақ жыл білім саласында тер төккен бір топ аға буын өкілі «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Мұнан бөлек, бірқатар ұлағат иелеріне «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағы берілді.

Ләззат Ізбасқан, №204 орта мектептің директоры:

– 40 жылғы еңбегімді бағалап, бүгінгі керемет өткен салтанатты мұғалімдерге арналған жиында кеудеме Ыбырай Алтынсариннің төсбелгісін тағып, марапатталып, бақытқа кенеліп тұрмын.

Ұлттық біріңғай тестілеу көрсеткіші бойынша республика көлемінде «Үздік 100 мектеп» қатарына енген білім беру ұйымдарының педагогтарына сый-сияпат жасалды.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов