Алматыда студенттер наноспутниктер ұшырды

Студенттер атмосфераның жоғарғы қабатына наноспутниктер ұшырды. Инженер қыздар құрастырған екі наноспутник Түркістан қаласынан 50 шақырым жерде көкке көтерілген. Тесттік құрылғылар сол өңірдегі жер бедерін түсіру, ауа райын болжау және ауаның ластануын зерттеуге арналған. Студенттерді мұндай жоба аясында бір ортаға тоғыстыру UniSat жобасы аясында жүзеге асқан.

Бибіхан Асанова Радиотехника және электроника мамандығының түлегі. Инженерлік салада білім алған жас маман UniSat жобасына қатысып, біліктілігін арттырған 150 студент қыздың бірі. Қазақстан, Өзбекстан мен Қырғызстаннан жиналған инженерлер осы жоба аясында екі наноспутник құрастырып, зертхана жағдайында сынақтан өткізген соң атмосфераның жоғарғы қабатына ұшырған.

Бибіхан Асанова, жоба қатысушысы:

- Біз білмейтін Python-ғы ақпаратты сараптама жасап және қысымдарды есептеп, қалай олар құрастырылып жатыр. Әрбір датчигіне өзіміздің қолымыздың таңбасын қалдырып тұрып жасадық деп айта аламын.  

UniSat спутниктері білім беру мақсаттарына арналған және салмағы 1-ден 10 келі аралығындағы шағын ғарыш аппараттары класына жатады. Олар бірнеше камера және сенсорлармен жабдықталған. Студент қыздардың қолынан шыққан тесттік наноспутниктер арқылы аумақтағы ауаның ластануы, жер қыртысы, ауа райы болжамын білуге болады. Жас ғалымдар алғашқы мәліметті де алып үлгеріпті. Зерттеу Түркістанда ауаның ластануы жоқ екенін көрсеткен. UniSat – бұл Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Қазақстан-UNICEF-тің бірлескен білім беру бағдарламасы. Оның мақсаты наноспутниктерді әзірлеу саласында қыздардың білімі мен біліктілігін дамыту. 

Әмірхан Темірбаев, инженеринг және жоғары технологиялар кластерінің бас директоры:

- 2021 жылдан бастап біз жобамызды әрі қарай дамыттық. Сөйтіп жобамыз Орталық Азиялық деңгейге шықты. Биыл 2022 жылы Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстаннан 150-ден аса қыз балалар осы Ұлттық университеттің базасында наноспутниктерді жинау және зерттеу, оларды атмосфераның жоғарғы қабатына ұшыру бойынша оффлайн марафоннан өтті. 

Наноспутниктер ғарыштық технологияларды зерттеуге арналған заманауи құрал. «Өйткені, оны жинау мен ұшыру арзан»,-дейді мамандар. Енді студент қыздар құрастырған үшінші спутник сынақтан өтсе, ол да ғарышқа жіберілмек.

Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев