Оқушылар сабаққа апаратын ауыр сөмкеден қашан құтылады?

Кейде қаршадай бала тұрмақ, ересек адамның белі бүгіледі. Ал бұғанасы қатпаған кішкентайдың ертеңгі күні не болмақ? Жақында осыны Президент те айтты. Үкіметке тапсырма да берді. Енді мәселе қалай шешімін таппақ? Мамандар не дейді?..  Басқа елдің баласы қайтіп жүр екен?

Нұрбек Байбосын ұлын мектепке өзі апарып-әкеледі. Себебі бірінші сыныпта оқитын баласының арқалаған жүгі көп. Енді ғана хат тани бастағаны былай тұрсын, физикалық тұрғыда да салмақ түседі. Өйткені оның сөмкесі бұғанасы қатпаған бала түгілі әкесінің өзіне ауыр.

Нұрбек Байбосын, қала тұрғыны:

Мынандай сөмкеге 5-6 кітап, оған әр пәннің дәптері бар. Тас салып қойған сияқты да. Кітаптарының көлемі де үлкен. Ертең белі ауыратын бала қайдан шығады? Бірінші сыныптан бастап мынадай ауыр сөмке тасиды.

Әбілмансұр Смайыл, 1 сынып оқушысы:

– Күнде бізде 5-6 сабақ болады. Мен көп сумка әкелем. Денешынықтыру тағы бар. Көп заттар бар. Сумкам ауыр. Сатыдан көтерілу қиын.

Мектеп сөмкесінің салмағы оқушының бойы мен жас ерекшелігіне сай болуы шарт. Мәселен, 1-3 сынып оқушыларының сөмкесі 2 келіден аспауы тиіс. Ең қауіптісі, ауыр жүк балаға сколиозбен қатар жүрек ауруын тудыруы мүмкін. Мамандар осылай дейді.

Разаул Мәнжігітова, медицина ғылымдарының кандидаты:

– Егер сөмке өз салмағынан ауыр болса, онда бала шалқайып не еңкейіп жүруге мәжбүр болады. Ал сөмкесі артқа тартып тұрса, ол баланың омыртқасына салмақ түсіреді. Тіпті жарықшақ пайда болуы әбден мүмкін. Ал арқасындағы ауыр жүкті көтеру үшін еңкейіп жүретін болса, тыныс алу жолдарымен қатар, жүрек-қан тамырларына зақым келтіреді.

Оқушы сөмкесінің ауырлығын Президент те айтты. Бұл мәселені тез арада шешуді Үкіметке тапсырды. Оқу-ағарту министрлігі барлық оқулықтың электронды нұсқасы жүктелгенін айтты. Оқушы қалағанын планшетке жүктеп оқыса болады. Тек ол үшін бастауыш сынып оқушыларын планшетпен қамту қажет.

Асхат Аймағамбетов, ҚР оқу-ағарту министрі:

Барлық балада планшет алатын жағдай жоқ. Оны білеміз. Сондықтан қазір біздің көтеріп отырған тағы бір мәселе міндетті түрде бастауыш сыныпта оқитын балаларға планшетпен қамтамасыз ету үшін жұмыс жүргізу.

Ал Тұманды Альбионда бастауыш сынып оқушылары мектепке кітап тасымайды. Өйткені британ ғалымдары ауыр сөмке баланың өміріне қауіпті және келешекте омыртқасына кері әсер етуі мүмкін екендігін дәлелдеген. Оқушыға өз салмағының 10 процент көлеміндегі сөмке тасуға ғана кеңес беріледі.

Кәусар Ғалымжанқызы, Hugh Myddelton мектебінің оқушысы:

– Менің сөмкем жеңіл. Көрсетейін бе, ішінде не бар екенін? Бөтелке, көзілдірік, салфетка, болды. Кітап, дәптерім, бәрі мектепте қалды.

Кәусар Ғалымжанқызы Лондондағы бастауыш мектептің 6- сынып оқушысы. Ата-анасының жұмыс бабымен уақытша Ұлыбритания астанасында тұрып жатыр. Інісі Алмасбек екеуі сөмкені тек жеке заттарын тасу үшін ғана пайдаланады. Таңғы 9.00-ден түскі 15.00-ге дейін сабағын тек мектепте оқиды. Ал үй тапсырмасы тек жұма күні беріледі. Сондықтан кітап тасудың еш қажеттілігі жоқ.

Марина Бекенова, Кәусардың анасы:

– Мысалы, мектепте математика, ағылшын тілі, география, тарих сабақтары өтеді. Бірақ бір де бір кітап тасымайды. Оның барлығын мектеп өзі қамтамасыз етіп, сол жақта қалдырып кетеді. Оқу құралдарын да мектеп өзі қамтамасыз етеді: Қалам, дәптер барлығын өздері береді-дағы, барлығы мектепте қалады.

Мамандар оқушының салмағы 30 келі болса, сөмкедегі зат 3 келіден аспауы тиіс деп отыр. Осы тепе-теңдік ескерілген жағдайда ғана баланың денсаулығына ешқандай қауіп төнбейді.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы Руслан Әлиев