loader


Елордада оқыған шәкіріт ұстазымен ШҚО-ға барып білім алып жатыр

Елордадан ел шығысына. Шығыс Қазақстан облысы Құлынжон ауылындағы 9-сынып оқушысы Ерасыл Ерланұлы ұстаз бен шәкірт арасындағы ерекше сыйластықтың үлгісін көрсетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол математикадан дәріс беретін тәлімгерінің соңынан еріп, сонау Астанадан ауылға келіп оқып жатыр. 15 жастағы жеткіншектің өзі танымайтын аядай ауылға кетуіне ата-анасы қалай рұқсат берген? Ерасыл ұстазы Әлішермен Астанадағы математика орталығында танысыпты. Осылайша ол білікті мұғалімнің арқасында сүйікті пәннен білімін тереңдете түскен. Есеп қисапқа жүйрік балаға мұғалімнің сабақ беру әдісі ерекше ұнаған. Алайда өткен жылы ұстазының ел шығысындағы Құлынжонға жұмысқа кететінін естіп, әбден қынжылады.Ақыры әрең дегенде ата анасының рұқсатын алып бір жылдан соң 1500 шақырым қашықтықтағы аядай ауылдан бір-ақ шыққан.

Ерасыл Ерланұлы, 9-сынып оқушысы:

– Кейде айтады үйдегілер қатты сағынғанда, бүкілі қайтсаңшы енді балам, болды ғой енді деп. Түсіндіремін бұл жер керек маған, ұнайды, ұнап жатыр деп.Ауыл өте керемет маған ұнады. Балалары, адамдары өте ашық.

Шәкіртсіз – ұстаз тұл. Әлішер Сағынтаев соңынан еріп келген Ерасылдың қимастығын жақсы түсінеді. Өйткені өзі де ұстазы, Құлынжон ауылындағы Ыбырай мектебінің директоры Аралбек Берікұлының соңынан еріп келіп, қызмет етіп жатыр.

Әлішер Сағынтаев, математика пәнінің мұғалімі:

– Аралбек ағайым осы Казнаковкаға конкурстан өтті,сосын бізге айтты, біз келдік. Біз Ерасылға әзілдейміз, Аралбек ағамыздың немере оқушысы деп бұл жерде былай қарасаңыз, үш буын Аралбек ағаның оқушысы менмін, менің оқушым Ерасыл деген сияқты.Ауылдықтардың бәрі сөйтіп әзілдейді.

Осылайша қазір бұрынғы Казнаковка қазіргі Құлынжон ауылындағы білім ордасында Астанадан келген бір топ мұғалім еңбек етуде. Барлығы да жатақханада тұрады. Отбасымен келген жас ұстаздардың басты мақсаты – ауыл баласының білімін жетілдіру. Сол үшін елордадағы талай мықты лауазымнан бас тартқан.

Аралбек Берікұлы, Ыбырай мектебінің директоры:

– Астана қаласындағы физика мектебі директорының қызметін ұсынған болатын. Сол қызметтен бас тартып, осында келдік Бірнеше жыл бойы ауылдағы білім алаңдататын, еліміздегі шағын жинақты мектептер саны, олардың көптігі және олар дамып жатқан жоқ,соған өз үлесімізді қосайық деп келдік.

Астаналық  жас мұғалімдермен қатар Ерасыл да бір жатақханада тұрып, бір адамдай білім саласында жүр. Жеткіншек отбасын сағынса да ақылға салады.Ұстаз ұлағаты өзін тұлға ретінде қалыптастырады деп санайды. Ал білімді де білікті жас мыңды жығарына сенімді.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов

Сондай-ақ...