Қызылордалық оқушылар Ташкентте IT бағытында білім жетілдірді

Екі өңір арасындағы әріптестіктік байланыс аясында сырбойылық оқу озаттары Өзбекстан астанасында болып қайтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оларға жергілікті айти бағытта білім беретін мектеп және электроника жүйелерін жасау ісі кеңінен таныстырылды. Өзбекстандық оқушылар мұнда күн сайын ақпараттық бағдарламаладан бөлек, теледидар, телефон сынды жабдықтарды құрастыруды меңгереді. Себебі оқыту процесі негізгі білім беру жүйесінен өзгеше. Жалпы елде жоғары технологияларды үйрететін мектептер саны оннан асады. Әр өңірде бар. Қызылордалық жеткіншектер бұған дейін облыстық және қалалық жарыстарда жеңімпаз атанып, енді халықаралық сайыстарға қатысуды көздеп жүр. Осы мақсатта көршілес мемлекетке барып, білгендерін арттырып, тәжірибелерін толықтыруға кіріскен.

Әсетхан Баймұрза, бағдарламалау мектебінің құрылтайшысы:

– Компас деп аталады жобамыз. Негізгі мақсаты – 9-10-11 сыныптардың айти салада мамандық таңдау, тәжірибе беру, бағыт-бағдар беру жобаның аты айтып тұрғандай.

Нұрқанат Амантаев Қызылорда қалалық білім бөлімінің әдіскері:

– Ташкент қаласына түрлі сайыстардың жеңімпазы келіп отыр. Тек қана оқушылар ғана емес, алдағы уақытта ұстаздар мен Өзбекстандағы IT мамандармен бірлесіп жұмыс жасау жоспарымызда бар.