Қазақстан мен Еуроодақ қарым-қатынасы нығая береді

Брюссельде «Жаһандық қақпа – жаңа кезде бірлескен жобалардың мүмкіндіктері» деген атаумен Берлиндік еуразиялық клубттың 35-отырысы өтті. Бұл іс-шараны Германия экономикасының шығыс комитеті, Германия және Бельгиядағы Қазақстан елшіліктері бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиын барысында Қазақстан мен Еуроодақтың көлік-логистика саласында өзара ынтымақтастықты дамыту жолдары талқыланды. ерлиндік Еуразиялық клубтың Брюссельдегі отырысын ашқан Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко еліміздегі саяси жаңғырту мен мемлекеттік басқару жүйесіндегі өзгерістердің барысымен таныстырды. Қазақстан Еуропа пен Азия арасында тауар тасымалдаудың қосымша бағдарларын дамытуға мүдделі.

Роман Василенко, ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары:

– Тап қазір бір жағынан Қазақстан мен Орталық Азия, ал екінші жағынан Еуроодақ арасында көпір орнатып, тығыз байланысты дамытатын нағыз уақыт. Еуроодақтың барлық деңгейінде мұны түсініп отырғанына ризамыз. Жақында Еуроодақ Президенті Шарль Мишель елімізге келеді. Біз бұл сапарды күтіп отырмыз. Мемлекетіміз мен Еуродақ және Транскаспий көлік бағдарына қатысушы өзге тараптар жағынан осы көлік дәлізін дамытуға көңіл бөлініп, инвестициялар салынады. 

Кристоф Денк, Еуропалық қайта құру және даму банкінің басқарушы директоры:

– Еуропа мен өңіріңіз арасында көлік саласында қатынасу мүмкіндіктерін зерттеп, елдеріңіздің әлеуеті зор деген қорытындыға келдік. Қазақстанның өте жақсы инфрақұрылым жетілдірудің жүйелі жоспары бар. Қазақстан мен Еуроодақ арасында екіжақты қарым-қатынастар жақсы дамып келеді. 

Берлиндік Еуразиялық клуб 10 жылдық жұмысы барысында мемлекеттік органдар, бизнес және сарапшылардың қатысуымен өтетін бейресми диалог алаңы ретінде өз тиімділігін дәлелдеді. Қазақстанның Германиядағы елшісі Нұрлан Онжанов осындай баға берді. Еурокомиссия өкілі Петерис Устубстың айтуынша, Еуроодақ Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға дайын. Ресми Брюссель елімізде өтіп жатқан ауқымды реформаларды қолдап, көлік-логистика саласын дамыту жобалары бойынша өзара әрекеттесуді жалғастыруға ниетті.

Томас Хелм, «Eurasia Мanagement Solutions» компаниясының басқарушы директоры:

– Еуропа мен Азия арасындағы жаңа көлік дәлізінде Қазақстанның маңызы зор. Әлемдегі ауданы жағынан ең ірі ел және халқы ең көп мемлекет ортасында орналасқан Қазақстанның қатысуынсыз еш нәрсе жұмыс істей алмайды. Мұнай мен газ өте маңызды, бірақ тек пайдалы қазбаларға көңіл бөлудің қажеті жоқ. Қазір ең негізгісі, елдеріңіз өз тауарларын шығарып, экономиканы түрлендіріп, өнеркәсіптік өндіріске ауысу.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмас Ыдырысов пен «Қазақстан Темір Жолы» компаниясының вице-президенті Әнуар Ахметжанов еуропалықтарды Транскапий халықаралық көлік бағдарын дамыту бойынша өз ұсыныстарын таныстырды. 

Алмас Ыдырысов, ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі:

Геосаяси жағдайға байланысты Қазақстанның транзиттік және экспорттық жүктерінің тасымалы жөнінде сауал туындады. Бұл мәселені тап осы бағдардың көмегімен шешуге болады. Транзит көлемі екі жарым есе өсті. Оны көбейту мүмкіндігі бар. Бұл серіктес елдердің үйлесімді жұмысына байланысты болмақ.

Отандық және еуропалық сарапшылардың кездесуі Қазақстандағы экономикалық және әлеуметтік реформаларға үлкен қызуғышылығын көрсетті. Қос тарап көлік-логистика, сондай-ақ өзге де салаларда өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын. 

Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов