Семейдің Степной кентінде жаңа мектеп ашылды

Семейдегі мектептерде 5 мың балаға орын тапшы.

Осы олқылықты жою мақсатында қаладағы Степной кентінде 300 орындық оқу ордасы есігін айқара ашты. Бұған дейін облыс орталығындағы өзге мектептерге қатынап оқыған ауыл балалары енді төрт құбыласы түгел, жайлы ғимаратта білім алады.

Бұл мектептің салынуын тағатсыздана күткендердің бірі Айғайша Қанапиянова. Немересін осыған дейін қаладағы 11 мектепке тасымалдап оқытқан зейнеткер жаңа білім ордасының ашылғанына айрықша қуанышты.   

Айғайша Қанапиянова, ауыл тұрғыны:

- Қуаныштымыз өзіміздің Степнойда мектеп ашылғанына. Әрі қарай білімдерін жетілдіріп, мақсаттарына жетсе дейміз. Осындай ғимаратта оқығанына қуаныштымыз бәріміз де. 

Зәки Байжұманов, ауыл тұрғыны:

- Халық үлкен қуанышта. Балалар да қуанышта. Мұндағы мұғалімдер халқын, елін сүйетін балаларды тәрбиелейді деп сенім білдіреміз.

Екі мыңнан астам халқы бар Степной кентінің оқушылары бұған дейін қаладағы мектептерге барып оқыған. Енді барлық жағдай жасалған, кең сарайдай оқу ордасында білім алатын болады. 

Біржан Бұлабаев, қалалық білім бөлімінің бастығының міндетін атқарушы:

- Бұл мектепте Степной кентінде тұратын, бірақ қалада оқитын балалар білім алатын болады. Мектептің ғимараты екі қабаттан тұрады. Мұнда барлық жағдай жасалған. Жаңа кабинеттермен жабдықталған. Балалардың қауіпсіздігі үшін мектептің іші-сырты камерамен жабдықталған.

Бүгінде Абай облысындағы мектептерде 9 мың балаға орын тапшы. Мәселені шешу үшін өңірде 2025 жылға дейін 11 мектеп салу жоспарланған. Ал Семейде алдағы уақытта «Жайлы мектеп» жобасы аясында 3200 орындық білім ордасы бой көтермек.

Азамат Қасым, Медет Өмірханов