Түркістанда мұғалімдердің көркем сурет туындылары көрмеге шығарылды

«Қазақстан – туған елім, ұлы өлкем» осындай атаумен бейнелеу өнерімен айналысатын мұғалімдер арасында облыстық көрме-байқауы өтті.

Оған жүзге жуық туынды қойылды. Қылқалам шеберлері әр түрлі тақырыпты қамтыған. Ауыл өмірі, табиғат көріністері, тарихи тұлғалардың графикалық суреттері мен портреттерін салуда үлкен шығармашылық ізденісті байқауға болады. Көрме идеясы ұстаздардың шығармашылығын дамытып, бейнелеу өнеріне деген қызығушылықтарын арттыру. Ұлттық өнерді жаңғырту, халық дәстүрін сақтау және елдің мәдени-тарихи мұрасын насихаттауға негізделген. Байқауға Созақ ауданынан қатысып жатқан Ақмарал Байғараева бұндай іс-шаралар орталықтан шалғайда жатқан ауыл мұғалімдеріне шабыт беретінін айтады.

Ақмарал Байғараева, бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі:

- Бұл жерге мен өзімнің Сүгір күйшіге арналған «Қаратау шертпесі», «Созақ үні», «Томирис», «Домалақ ана» деген тағы басқа тарихи жұмыстарымды алып келдім. Өте керемет көрме ұйымдастырылып жатыр шығармашылықпен айналысатын мұғалімдерге. Мұғалімдер өздері көрме өткізе алмайды. Осындай шаралар бізге өте керек. Жиі-жиі өтіп тұрса дейміз.