Еліміздегі түрлі сала ғалымдары «Болашақ» аясында тағылымдамадан өтіп жатыр

Елімізде былтырдан бері «Болашақ» бағдарламасының аясында 500 ғалым жобасы жүзеге аса бастады.

Қазақстанның түрлі салада жұмыс істеп, зерттеу жүргізіп жатқан ғалымдары әлемнің үздік университеттерінде тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алды. Оған 2021 жылы 786 адам өтініш беріп, 416 ғалым шет елде білімі мен біліктілігін кемелдендіруге аттанған. Ал қазір АҚШ-ның үздік университеттерінде 156 қазақстандық ғалым тағылымдамадан өтіп жатыр. Олар бір жыл бойы өз саласы бойынша жан-жақты зерттеулер жасайды. Жақсысын үйреніп, елімізге енгізу үшін ұсыныс береді. Университеттегі үлкен оқымысты әріптестерімен байланыс орнатып, өзара тәжірибе алмасады. Білім министрлігінен келген Наужан Дидарбекова Қазақстан мен АҚШ-тың жоғарғы оқу орындары арасындағы қабылдау емтиханды салыстыру және оның түрлі аспектілерін қарастыру бағытында зерттеу жасап жүр. Оның айтуынша Америкада баланы нақты мамандыққа баулып, өз бағдарын таңдау үшін ертеден дайындық жасалады. Ал оқушыларды ЖОО қабылдау қазан айынан басталады.

Наужан Дидарбекова, "Болашақ" бағдарламасының иегері:

- 500 ғалым, әр ғалым өзінің зерттеу саласы бойынша өздерінің жұмыстарын жүргізеді. Мысалы, бізге түрлі зертханаларда жұмыс істеуге мүмкіндіктер беріліп отыр. Осы Джордж Вашингтон университетінің кітапханасы, Конгрестің кітапханасы бізге қазір қолжетімді. Барлық қажетті материалды алуға, қажетті ғалымдармен жұмыс жасауға үлкен мүмкіндік.