Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемуниверситетіне 60 жыл толды

Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетіне биыл 60 жыл. Білім ордасы осы уақыт аралығында 60 мыңнан астам маман дайындапты.

Олардың алды қазір шет елдерде еңбек етіп жатса, біразы облыстың ғана емес, жалпы еліміздің дамуына зор үлес қосып жүр. Ал университеттің өзі бүгінде Қазақтандағы үздік ондыққа енді. Оқу орнының мерейтойына Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысып, ұстаздарды құттықтады.

Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті елімізге жақсы танымал. Білім ордасы жыл сайын 56 мамандық бойынша 1 мыңнан астам маман дайындап шығарады. Ал оқытушылар құрамының мықтылығын облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың өзі тілге тиек етті. 

Ермек Маржықпаев, облыс әкімі:

- Университетте 400-ден астам оқытушы жұмыс істейді. Олардың 19-ы доктор, 90-ы ғылым кандидаты және 26-сы Phd (ПиЭйчДи) докторы. Одан бөлек тағы 34 педагог «Қазақстанның үздік оқытушысы» атанды. Ал 38 мұғалім «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Міне бұл мұндағы ұстаздардың қаншалықты білікті екеніне айқын дәлел.

Осындай білікті ұжым жыл сайын жаңа жобаларды жүзеге асырып келеді. Осыдан бірнеше жыл университетте алғаш рет медицина факультеті ашылса, былтыр білім ордасы жанынан зейнеттегі кісілерді оқытуға арналған қысқа мерзімді «күміс университет» пайда болды. Онда қазір 100-ден астам қария білім алып жүр. 

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- Осы модельді біз қазір басқа университеттерге айтып жүрміз. Өткен аптада біздің политехникалық Сәтпаев атындағы университетіміз Көкшетау университетінің моделін алып, енді біз де «күміс университетін» бастаймыз деп, міне. Осы жылдан бастап министрліктің негізгі басым бағыты енді өңірлік университеттер болады. 

Мерейтой болған соң марапатсыз болмайды. Университетте ұзақ жылдар бойы табан аудармай еңбек еткен ұстаздар бүгін сый-құрметке бөленді. Ал олардың біразы мемлекеттік наградаға лайық деп танылды. 

Оразхан Аймақ, химия ғылымдарының докторы, профессор:

- Мен осы университеттің ардагер қызметкері ретінде, ұстазы ретінде айтайын дегенім, қазіргі 21-ғасырда негізі индрустриялды бағыт деп аталады ғой, сол индустриалды бағытта Шоқан Уәлиханов университетінің алда беретін еңбегі осы салада өте көп. Олай болса, мен бұл университетке зор табыстар тілеймін. 

Дамир Берікұлы, Виктор Полянный