Қазақстанда бір жылда әскерге барғандардың 10% жоғарғы білімді тегін алады

Әскерде борышын өтеген азаматтар енді тегін грантпен оқуға түсуге мүмкіндіктері бар. Жаңа жоба келер жылы іске асады. Бір жылда әскерге барғандардың 10 проценті оқуға тегін жолдама алады. 

Жақында жаңа жоба жарияланды. Еліміздің Қорғаныс пен Жоғары білім және ғылым министрлігінің ортақ меморандумға қол қоюы аясында әскери салаға жаңашылдық енгізіледі. Яғни Отан алдындағы борышын өтеген сарбаздар енді тегін мемлекеттік грант алуға мүмкіндіктері бар. Қазір 50-ге жуық ЖОО келісімге қол қойған.

Руслан Жангулин, Қорғаныс министрлігі БАҚ жұмыс басқармасының бастығы:

- Екі тұрғыда жүзеге асырылады. Біріншісі яғни Отан алдындағы борышын өтеген азаматтар яғни барлығы ақылы негізде әскери борышын өтегеннен кейін екі жыл көлемде оқуға түсіп ҰБТ тапсырмай-ақ оқуға түсуге мүмкіндік алады. Екінші жағдай Отан алдындағы борышын өтеген азаматтар ең үздіктері ЖОО тегін оқуға мүмкіндік алады.

Қазір білім ордалары жауынгерлер тегін түсе алатын мамандықтар тізімін дайындап жатыр. Айта кетерлігі, бұл мүмкіндікті әскери қызметі кезінде жақсы көрсеткіштерге ие болғандар ғана пайдалана алады. Жауапты ведомство бұл жаңашылдықты жастарды әскерге баруға ынталандыру үшін енгізді. Оқу грантын беруде жеке қасиеттеріне, үлгілі тәртібіне және мерзімді әскери қызметін өтеу кезеңінде жауынгерлік даярлықта қол жеткізген жоғары нәтижелеріне қарайды. Жобаны іске асыру білім беру саласындағы заңнамаға өзгеріс енгізуді талап етпейді. Қорғаныс министрлігі тиісті ережелерге өзгеріс енгізу жұмыстарын бастап кетті. Жобаны іске асыру 2023 жылдан басталады. Мұндай жеңілдіктер қазіргі уақытта борышын өтеп жүрген азаматтарға және 2022 жылы әскерге шақырылған сарбаздарға берілетін болады. 

Дархан Абдуғалиев, қала тұрғыны:

- Осы жоспарды ата-анаммен ақылдасып, бірінші мәрте Отан алдындағы борышымды өтеп келіп тегін оқуды пайдаланып жерге орналасу мамандығын жалғастырғым келеді. Бұл негізі ұтымды белгі негізі. Өйткені қазіргі уақытта көбісі Отан алдындағы борышын өтеуге бармайды. Мысалы қашып жүргендер бар ал осы тәсілді пайдаланғаннан кейін колледж бітірген бірақ оқуға түсе алмай жүргендерге бұл жақсы бастама деп ойлаймын.

Жауапты министрліктің тағы бір бастамасы – әскерде борышын өтеп жүргендерге несиелік демалыс беру. Яғни 13 айға дейін кредит төлеуді тоқтата тұру. Азаматтарға әскерге баруға қосымша мотивация береді деп есептейді.

Гүлзия Нақыпқызы, Артур Горшняков