Топыраққа тыңайтқыш сіңіретін техниканы өзіміз жасаймыз – Қазақстандық ғалымдар

Қазақстандық ғалымдар ойлап тапқаны бұл ғана емес. Озық технологиялар көп, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ оның бәрін өндіріске енгізу айналып келгенде үлкен мәселе. Себебі өнертапқыштар жобасын өз бетінше нарыққа шығара алмайды. Ал инвесторлар ғылыми жаңалықтың бар-жоғынан бейхабар. Осындай себеппен патенттелген талай технология қағаз күйінде сөре астында жатыр. Осы олқылықтың орнын толтырудың бір жолы – елордада өткен «технологияларды коммерцияландыру реакторы» жиыны. Мұнда ғалымдар мен кәсіпкерлер бас қосты. 

Жиынға 40-қа жуық инвестор келген. Бүгіннің өзінде 14 жоба таныстырылды. Оның ішінде медицина, ауылшаруашылық салаларына арналған жаңа техникалар бар. Ал инвесторларға ұнаған жобалар «Ғылым қорының» конкурсына қатыса алады. Бұл үшін 300 млн теңге грант бар. Бұған дейін де осы жиын арқылы бірнеше жоба қолдаушы тапқан еді. Соның бірі – жоғарыда айтқан, топыраққа тыңайтқыш сіңіретін техника.

Саяхат Нүкешов, ғалым:

- Қазіргі уақытта біздің топырақтарымыз құнарсызданып кеткен. Азот фосфоры жетіспейді, сосын тығыздалып кеткен. Соны шешетін машина керек деп фермерлердің сұранысы бойынша конкурсқа беріп, қатысып бүгінгі күнде өзіміздің өндірісімізді құрастырып, шығарып жатырмыз. Он шақты экземплярын саттық. Бір машина бір жылда жер жыртқанда 1200 гектар жер өңдейді. Тыңайтқыш сеппеген күннің өзінде 3-4 центнер қосымша өнім алады. Бір машинадан 45 миллион теңге пайда тауып отыр.