«Толық адам» ұлттық тәрбие моделі іске асырылады – А.Аймағамбетов

2026 жылға қарай мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының барлығы тәрбие және оқыту сапасын бағалаудың халықаралық құралдарын енгізеді. Ал ата-аналар «жан басына қаржыландыру» принципі бойынша кез келген балабақшадан орын таңдай алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

2025 жылға қарай 840 мың орынға арналған мектептер салынады. Сонымен қатар бакалаврлар стипендиясының мөлшері 2 есе, магистранттар мен докторанттардың стипендиясы 1,5 есе ұлғаяды. Бүгін Үкімет отырысында Білім беруді дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы қаралды. Бұған дейін 3-4 жасар балалар 20 минуттан отырып сабақ оқуға мәжбүр болды. Ойын баласы үшін бұл жүйе тиімсіз. Енді елде мектеп жасына дейінгі балаларға тәрбие беру жас ерекшелігіне сай жүргізіледі. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов алдағы жылдан бастап, балабақшадан жоғары сыныпқа дейінгі оқу үрдісінде болатын өзгерістерді тізбектеді.

Асхат Аймағамбетов ҚР оқу-ағару министрі:

– Ойын – баланың жаны мен тәніне сай келетін табиғи әрекет. Бала сол арқылы қоршаған әлемді зерттеп, оны тани отырып, қажетті дағдыларын дамытады. Яғни баланың тұтас дамуы үшін барлық жағдайлар қарастырылады. Балалар коммуникативті, өзіне сенімді, қиындықтарға төзімді, дендері сау, ашық және креативті ойлайтын, отансүйгіштік, еңбекқорлық пен білімге құштарлық құндылықтарын бойына сіңіріп балабақшадан тәрбиеленіп шығатын болады.

Бүгінде мектеп қабырғасында үлгерімі төмен 500 мыңнан аса оқушы бар. Бұл білім мазмұны мен сапасына қатысты олқылықтардың барын аңғартады. Келер оқу жылынан бастап мектеп бағдарламалары кезекті мәрте жаңғыртылады.

Асхат Аймағамбетов ҚР оқу-ағару министрі:

– Қазір жұмыс тобы құрылды, жаңа мемлекеттік стандарттар мен оқу бағдарламалары әзірленуде. Мектептерге кезең-кезеңмен академиялық автономия беретін боламыз.

Елде үш ауысымды мектептер мәселесі әлі де шешілмей тұр. Министр осы ретте «Жайлы мектеп» жобасына үміт артады. Ауқымды жоспарға сай, алдағы жылда бұрын-соңды болмаған көлемде білім беру ошақтарының құрылысы басталмақ.

Асхат Аймағамбетов ҚР оқу-ағару министрі:

– Мемлекет басшысы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру жөнінде тапсырма берді. Ұлттық жоба аясында 2025 жылдың соңына дейін 800 мыңнан астам оқушы орны беріледі, бұл үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін толығымен шешеді.

Одан кейін оқу процесі толық цифрландырылады. Оқулықтар электронды форматта жүрсе, аттестаттар мен дипломдар QR-код арқылы сандық нұсқада қолға тиеді. Осының барлығы балаларға ұлттық құндылықтарды сіңірумен қатар ұштасады.

Асхат Аймағамбетов ҚР оқу-ағару министрі:

– Ұлы ойшыл әл-Фараби айтқандай «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Оқыту барысында «Құндылықтарға негізделген білім беру» тәсілі қолданылады. «Толық адам» ұлттық тәрбие моделі іске асырылады.

Енді педагогтердің біліктілігін арттыру 3 жылда 1 рет жүргізіледі. Мектепке келген жас маман жұмысқа кіріспес бұрын кәсіби шеберлігін тестілеу арқылы дәлелдейді. Бұл «Педагог» жаңа кәсіби стандарты қағидасының бірі болмақ.